Француз сенаторларымен кездесу

Француз сенаторларымен кездесу

Париж, 2023 жылғы 1 ақпан - Қазақстанның Франциядағы Елшісі Г.Арыстанқұлова Франция Сенатында “Франция-Орталық Азия” достық тобының мүшелерімен дөңгелек үстел өткізді.

Қазақстан Елшісі достық топтың мүшелерін алдымен жалпы еліміздің дамуы жайлы, сонымен бірге саяси, әлеуметтік және экономикалық жағдайларға кеңірек тоқталып, қазіргі таңда Қазақстанның қолға алып жатқан барлық салалардағы реформаларынан хабардар етті. Сонымен бірге, таяуда ғана болған Президент Қ.Тоқаевтың Парижге ресми сапарының қорытындылары, екі ел арасындағы сауда-саттық және елімізге Франциядан тартылған инвестициялар жайлы айтты.

Алдағы кезектен тыс парламенттік сайлау науқаны жаңа жүйе бойынша жүргізілетінін ерекше атап өтіп, сайлауға қатысатын саяси партиялар туралы толық ақпарат берді.

Сенаторлар өз кезегінде елімізде болып жатқан тың өзгерістерден хабардар екенін, Қазақстанның халықаралық аренадағы бастамаларын қолдап, әрқашанда үлкен қызығушылық танытып жүретіндерін жеткізді. Өздері сайланған аймақтармен экономикалық ынтымақтастықты, сонымен қатар білім саласындағы байланыстарды жандандыруға дайын екендіктерін білдірді.

Тараптар қазіргі кездегі халықаралық жағдай бойынша пікір алмасып,  екіжақты парламентаралық ынтымақтастықты ары қарай дамытуға уағдаласты.