Қалпына келтіру және Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында

Қалпына келтіру және Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында

2022 жылғы 27 сәуір, Париж – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының штаб-пәтерінде ЭЫДҰ Кеңесінің мүшелерінің 2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсаттары бойынша кездесуі өтті. Ұйымға мүше елдердің министрлері мен елшілері, сондай-ақ әріптес мемлекеттердің өкілдері күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау үшін жиналды. Қазақстан Республикасының Франция Республикасындағы Елшісі Жан Ғалиев Кеңестің жұмысына қатысты.

Отырыста COVID-19 дағдарысы 2030 жылға дейін Орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) іске асырудағы прогресті бәсеңдеткені атап өтілді. Пандемия 2030 ОДМ-ға қатысты мәселелерді одан әрі айқындатып көрсетті. Гуманитарлық дағдарыс және Украинадағы әскери қақтығыстың ауыр әлеуметтік-экономикалық салдары пандемия тудырған күйзелістерді күшейтті. ЭЫДҰ бағалауы бойынша, бүкіл әлем бойынша 40 миллионнан астам адам астық өндірісі мен саудасындағы іркілістер нәтижесінде аштық шегіне жетуі мүмкін. Басқа тауарлар бағасының күрт өсуі бүкіл әлемде тұтыну мен дамуға әсер етеді. Дамушы елдер ұсыныс пен инфляциялық динамиканың сілкінісіне байланысты азық-түлік бағасының өсуінен әсіресе зардап шегеді. Дамыған және дамушы елдер арасындағы алшақтықтың тұрақты төмендеуіне байланысты пандемиядан бастап Украинадағы соғыс, Сахел, Мьянма, Сирия және Йемендегі қақтығыстарға дейінгі жаһандық және аймақтық күйзелістер көптеген салалардағы жетістіктерді жоққа шығарып, әлемдегі ең кедей және осал елдердің кейбірін артта қалдыруы мүмкін.

Мүше елдер қалған 8 жылда 2030 ОДМ-ға қол жеткізуді жеделдету жолдары мен мүмкіндіктерін талқылады. Сонымен бірге дағдарыстар ауқымды қолдау шаралары мен саяси бастамаларды қажет ететін қайта құру әлеуетін анықтайды. ЭЫДҰ елдері және шақырылған мемлекеттер, халықаралық ұйымдар және басқа да мүдделі жақтар № 2 ОДМ (аштықты жою), сондай-ақ № 3 ОДМ-ға (денсаулық пен амандық) қол жеткізуді қолдау үшін қажетті іс-қимылдарды талқылады. ЭЫДҰ бұдан әрі жаһандық азық-түлік жүйесі мен жаһандық денсаулық сақтау саласындағы орнықты жасыл және гендерлік тең қалпына келтіруге қалай ықпал ете алатынына ерекше назар аударды.

Қазақстан 2030 ОДМ-ның жақтаушысы болып табылады және мақсаттарға қол жеткізу бойынша елдік және өңірлік сипатта белсенді жұмыс жүргізуде. ЭЫДҰ-мен гендерлік теңдік саласындағы бірлескен жұмыс ҚР-дағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын қабылдауға және іске асыруға әкелді. Бүгінгі таңда ЭЫДҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың сарапшыларын тарта отырып, 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын әзірлеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде, Қазақстан ЭЫДҰ-ның "Жасыл" экономика бойынша іс-қимыл бағдарламасының (Green action Task Force) арнайы жұмыс тобының тең төрағасы болып табылады, сондай-ақ № 17 ОДМ бойынша ынтымақтастықты (тұрақты даму мүдделеріндегі әріптестік) арттыруда.