Францияның жетекші туристік бизнес-мектебі Қазақстанмен ынтымақтастық орнатты

Францияның жетекші туристік бизнес-мектебі Қазақстанмен ынтымақтастық орнатты

Түркістан-Лион. Қазақстанда туризмді дамыту мемлекет алдында тұрған басым экономикалық міндеттердің бірі болып табылады. Бұл тұрғыда туризм саласы үшін кәсіби кадрларды даярлау ерекше маңызға ие.

Осы және басқа да мәселелер Қазақстанның Франциядағы Елшісі Жан Ғалиевтің «Vatel» туризм және қонақжайлылық менеджменті бойынша жетекші бизнес - мектебінің негізін қалаушы-президенті Ален Себанмен кездесуінде талқыланды. Мектеп басшысы Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан еуропалық туристер арасында танымал дестинацияға айналып келе жатқанын және мектеп осы өңірде өзінің қатысуын кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті. Францияның Лион қаласында өткен келіссөздердің қорытындысы бойынша Халықаралық Туризм және меймандостық университеті (Түркістан қ.) және «Vatel» бизнес-мектебі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қол қою рәсімі онлайн режимде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі туристік индустрия комитетінің төрағасы Дастан Рыспековтің, халықаралық туризм және меймандостық университетінің ректоры Майнюра Мырзамадиеваның, сондай-ақ Францияның сыртқы саяси ведомствосы мен елшілігінің қызметкерлерінің қатысуымен өтті.

Өз сөзінде Қазақстан Елшісі қол қойылған меморандум екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің одан әрі жақындасуына және кеңеюіне ықпал ететініне сенім білдірді.

Құжат студенттермен, профессорлық-оқытушылық құраммен алмасуды, сондай-ақ туризм индустриясы мен қонақжайлылықты дамыту саласында бірлескен конференциялар, семинарлар өткізуді көздейді.

«Vatel Group» - 1981 жылы Францияда (Париж қ.) құрылған қонақжайлық пен туризмді басқару саласындағы ең ірі бизнес-мектептердің бірі. Қазір мектеп әлемнің 35 елінде орналасқан 60 оқу орнын біріктіреді.