Қазақстан Елшісі Гренобльде қазақстандық студенттермен кездесті

Қазақстан Елшісі Гренобльде қазақстандық студенттермен кездесті

Гренобль, 2021 жылғы 16 маусым – Овернь-Рона-Альпі өңіріне сапары шеңберінде Қазақстанның Франциядағы Елшісі Жан Ғалиев қазақстандық студенттермен кездесу өткізді.

Кездесуде студенттер қауымдастығын толғандыратын өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, қайырымдылық және мәдени-спорттық іс-шараларды өткізу, түлектерді одан әрі жұмысқа орналастыруды қолдау және француз кәсіпорындарында өндірістік тағылымдамадан өту бойынша пікір алмасу өтті. Студенттер пандемия кезінде көңіл бөліп, қамқорлық көрсеткені үшін елшілікке алғыс білдірді.

Елші дипломатиялық өкілдіктің біздің отандастарымызға қолдау көрсетуге тұрақты дайындығын растады және қазақстандық студенттердің елдің оң имиджін ілгерілетудегі маңызды рөлін атап өтті. Өз кезегінде, кездесуге қатысқан "MEDEF" француз бизнес қозғалысының жергілікті бөлімінің Вице-президенті Софи Сидос студенттерге Гренобль кәсіпорындарында тағылымдамадан өту үшін орын табуға көмектесуге дайын екенін білдірді.

Сапар аясында Гренобль-Альпі университетінің (UGA) Президенті Ясин Лакнешпен жеке кездесу өтті, ол халықаралық рейтингте Гренобль-Альпі университеті Францияның үздік жоғары оқу орындарының бестігіне кіретінін және Еуропадағы ең инновациялық университеттердің бірі деп танылғанын атап өтті. Бүгінгі таңда UGA-да 38 қазақстандық студент білім алуда.

Университет басшылығы қазақстандық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық білдірді. Сондай-ақ, қазақстандықтар ЖОО мен қаланың қоғамдық өміріне белсенді қатысатын үлгілі студенттер болып табылатыны атап өтілді. Кездесу барысында университет қорына Абай шығармаларының француз тіліндегі жинақтары берілді.