Француз компаниялары Қазақстандағы «жасыл» сутегі өндірісіне және экологиялық туризмді дамытуға мүдделі

Француз компаниялары Қазақстандағы «жасыл» сутегі өндірісіне және экологиялық туризмді дамытуға мүдделі

Гренобль, 2021 жылғы 16 маусым – Қазақстанның Франциядағы Елшісі Жан Ғалиев француз Альпісінің ірі өнеркәсіптік, ғылыми және университеттік орталығы болып табылатын Гренобль қаласында жұмыс сапарымен болды. Сапар барысында елшілік жетекшісі "ECM Technologies" компаниясының штаб-пәтерінде, «Air Liquide» компаниясының сутегі зауытында, «Vicat» цемент зауытында болып, Изер департаментінің префектісімен, Гренобль-Альпі метрополиясының және Францияның Атом және баламалы энергетика жөніндегі комиссариаты (CEA) басшылығымен келіссөздер, сондай-ақ өңірдің бизнес қауымдастығымен кездесулер өткізді.

Франция тек аймақтық қана емес, сонымен қатар жасыл сутекті енгізу стратегиясын жүзеге асырудағы негізгі жаһандық ойыншы екені белгілі. Қазіргі уақытта өнеркәсіптік ауқымда экологиялық таза сутекті алу үшін жаңа технологиялар игерілуде, сондай-ақ сутекті құю станцияларын салу үшін ең оңтайлы шешімдер зерттелуде. Бұл туралы қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарының қажеттіліктері үшін өнеркәсіптік газдар өндірісіне инвестиция салған «Air Liquide» компаниясының өкілдері егжей-тегжейлі айтып берді. Аталмыш компания, өз кезегінде, бөлімшелерінің бірі Гренобльде орналасқан атом және жаңартылатын энергетика жөніндегі комиссариаттың (CEA) зерттеушілерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Ол көптеген салаларда іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізеді, соның ішінде ядролық реакторларды әзірлеу, микросхемаларды өндіру, радионуклидтерді ауруларды емдеу, сейсмология және цунамидің таралуы үшін пайдалану, «жасыл» энергетика, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және т. б.

CEA-дағы кездесу барысында Елші Ж.Ғалиев біздің еліміздің басшылығы қазба ресурстарының бай қойнауына қарамастан, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға ерекше назар аударатынын, оның ішінде сутегі отынының келешегі зор екенін атап өтті. Өз кезегінде, CEA технологиялық зерттеулер жөніндегі директоры Стефан Сиебер Қазақстанда "жасыл" сутегі өндірісіне қызығушылық танытты.

«ECM Technologies» компаниясымен келіссөздер барысында компанияның 2018 жылдан басталған Қазақстанмен ынтымақтастығының ағымдағы жағдайы мен перспективалары талқыланды. Күн панельдерін өндіру бойынша негізгі жобадан басқа, «ECM Technologies» литий-ионды аккумуляторлар өндірісіне, сондай-ақ ҚР атом өнеркәсібі саласындағы жобаларына қатысуға мүдделі. Сапар аясында «Atawey» компаниясының басшылығымен сутекті отын негізінде ұтқырлықтың жаңа түрін дамыту бойынша пікір алмасылды. Қазіргі уақытта сутектің көмегімен атмосфераға зиянды заттардың нөлдік шығарылуымен жеңіл көлікпен 450 км-ге дейін автономияға қол жеткізуге болады.

Сапар барысында Елші «Vicat» цемент зауытында болып, Жамбыл облысында жоғары сапалы цемент өндіретін заманауи зауыт құрып, еліміздің экономикасына шамамен 300 млн.доллар инвестиция салған компанияның президенті – бас директоры Ги Сидоспен кездесті. Француз инвесторы Қазақстанда бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасаудағы елеулі прогресті атап өтті және біздің елімізде «Vicat» қызметін кеңейту жөніндегі жоспарларымен бөлісті.

Франция сонымен қатар тау туризмі саласын дамыту бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылады. Осыған байланысты «Cluster Montagn»e қауымдастығына біріктірілген француз компанияларының тәжірибесі мен технологиялары, ең алдымен, барлық табиғат қорғау нормаларын сақтау тұрғысынан отандық тау шаңғысы инфрақұрылымын дамыту үшін үлкен қызығушылық тудырады. Өз кезегінде, француздық серіктестер Орталық Азияны алдағы жылдары тау туризмі үшін тартымды орын ретінде қарастырады. «Cluster Montagne»-де өткен кездесуде Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды. «MND», «Dianeige», «Compagnie des Alpes» және «Poma» сынды француз компанияларының біздің елмен өзара тиімді ынтымақтастық тәжірибесі бар екенін атап өткен жөн. Олар «Түрген» (Алматы облысы), «Қасқасу» (Түркістан облысы) және Қаскелең шатқалы тау сілемдерін дамытуға қатысуға қызығушылық танытты.

Сонымен қатар, сапар аясында Гренобль-Альпі метрополиясының Вице-президенті Ги Жюльенмен кездесу өтті. Тараптар қалалық инфрақұрылымды сауықтыру үшін заманауи технологияларды пайдаланудың маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ орталықтандырылмаған серіктестікті дамытуға өзара қызығушылық білдірді.