ҚАЗАҚСТАН ПАРИЖДЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ГАСТРОНОМИЯ ФЕСТИВАЛІНДЕ ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТІ МЕН АСХАНАСЫН ТАНЫСТЫРДЫ

ҚАЗАҚСТАН ПАРИЖДЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ГАСТРОНОМИЯ ФЕСТИВАЛІНДЕ ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТІ МЕН АСХАНАСЫН ТАНЫСТЫРДЫ

Париж, 2026 жылғы 14 қыркүйек – Қазақстанның Франциядағы Елшілігі Қызылорда облысының өкілдері, қазақстандық аспаздар мен өнерпаздардың қатысуымен 10–13 қыркүйек аралығында Париждегі Конкорд алаңында өткен Х Халықаралық гастрономия фестивалінде Қазақстан павильонын ұйымдастырды. Қазақстан аталған фестивальге екінші жыл қатарынан қатысты.

Ұлттық павильон қонақтарды Қазақстанның бай мәдени және гастрономиялық мұрасымен таныстыратын алаңға айналып, фестивальдегі ең көп адам жиналған павильондардың бірі болды.

Келушілер қазақша еттен, қуырдақтан, жаңа піскен бауырсақтан, сондай-ақ Қызылордадан арнайы жеткізілген қазы мен жаядан дәм татты. Ұлттық тағамдарды белгілі қазақстандық аспаздар, соның ішінде шеф-аспаздар Расим Қонаев, Манас Ысқақ, Қарлығаш Баймұхамедова дайындады. Олар қонақтарға қазақ асханасының тарихы, ерекшеліктері мен дәстүрдегі орны туралы айтып берді.

Париждегі Le Cordon Bleu аспаздық мектебінің түлегі Сабина Танатарованың ұлттық нақыштағы авторлық десерттері де көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. Десерттерде талқан, сүтті шай және дала мәдениетін бейнелейтін өзге де дәстүрлі дәмдер қолданылды.

Фестиваль қонақтарына Қызылорда облысынан келген «Сырғалым» ансамблі қазақтың әні мен биін ұсынып, ұлттық киімдердің әсемдігін таныстырды. Өнерпаздардың жарқын қойылымдары Қазақстан павильонында ерекше мерекелік көңіл күй қалыптастырды.

Фестиваль күндері Қазақстан павильонына Париж қаласының мэрі Эммануэль Грегуар, Париждің 8-округінің мэрі Катрин Лескюр, белгілі француз аспаздары, дипломатиялық корпус өкілдері, Париж тұрғындары мен қала қонақтары келді.

Франция Президентінің жоғары қамқорлығымен өткен Х Халықаралық гастрономия фестиваліне әлемнің 80-нен астам елі қатысты. 2026 жылғы фестивальдің қамқоршысы әлемге әйгілі француз шеф-аспазы Ален Дюкасс болды.

Қазақстанның фестивальге қатысуы ұлттық тағамдар мен мәдени дәстүрлерді француз жұртшылығына кеңінен таныстыруға, сондай-ақ Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға мүмкіндік берді.