
Париж, 2026 жылғы 8 қыркүйек – Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігі Континенттік Еуропа департаментінің жаңадан тағайындалған директоры Арно Гийуамен кездесу өткізді.
Тараптар Қазақстан-Франция қатынастарының жоғары қарқынын және екі ел арасындағы күшейтілген стратегиялық әріптестіктің белсенді дамуын атап өтті. Жоғары деңгейдегі өзара сапарлар мен екі ел президенттері арасындағы сенімге негізделген диалог екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тұрақты серпін беріп отырғаны атап өтілді.
Г.Арыстанқұлова француз тарапын Қазақстандағы ауқымды жаңғырудың негізгі бағыттарымен, конституциялық реформалардың барысымен және Құрылтай сайлауының қорытындыларымен таныстырды.
Өз кезегінде А.Гийуа Францияның өңірдегі аса маңызды стратегиялық әріптесі – Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін растады. Қазақстан Президентінің бітімгершілік күн тәртібін ілгерілетудегі көшбасшылық рөлін, сондай-ақ Астананың халықаралық диалог пен ынтымақтастықты дамытуға қосып отырған елеулі үлесін ерекше атап өтті.
Экономикалық бағытта энергетика, су шаруашылығы, өнеркәсіп, цифрлық технологиялар және туризм салаларындағы өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтудің әлеуеті атап өтілді. Француз инвестицияларының Қазақстан экономикасына салынған жиынтық көлемі 21 млрд АҚШ долларынан асты. Қазақстан мұнайының халықаралық нарықтарға үздіксіз әрі қауіпсіз жеткізілуін қамтамасыз етуге баса назар аудара отырып, энергетикалық және көлік қауіпсіздігі мәселелері жеке талқыланды.
Ғарыш саласындағы ынтымақтастық аясында тараптар Қазақстанның өкілді делегациясының 9-10 қыркүйекте Парижде өтетін алғашқы Халықаралық ғарыш саммитіне қатысуын атап өтті.
Кездесу барысында 17-19 қыркүйекте Францияда өтетін Қазақстанның мәдениет күндеріне ерекше назар аударылды. Мәдени бағдарлама аясында қазақстандық фильмдер көрсетіліп, екі елдің жетекші музейлері, кітапханалары, мәдениет мекемелері мен креативті индустрия өкілдерінің қатысуымен Қазақстан-Франция дөңгелек үстелі ұйымдастырылады. Сондай-ақ Париждегі Мариньи театрында «Қазақстан жұлдыздары» атты гала-концерт өтеді.
Көпжақты бағытта халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер және көпжақты ынтымақтастықты, диалог пен халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған Қазақстанның бастамалары бойынша пікір алмасу өтті. Қазақстан Елшісі француз тарапын Францияның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығымен құттықтады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар белсенді саяси диалогты жалғастыруға және Қазақстан-Франция стратегиялық әріптестігін одан әрі жан-жақты нығайтуға өзара бейілділігін растады.