Қазақстандық студенттердің назарына: МӘМС жүйесінде медициналық қызметтерге қол жеткізу туралы

Қазақстандық студенттердің назарына: МӘМС жүйесінде медициналық қызметтерге қол жеткізу туралы

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ (бұдан әрі – Қор) Қазақстан Республикасының «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңының (бұдан әрі – МӘМС туралы Заң) талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ шетелдік білім беру ұйымдарында білім алуына байланысты елден тыс жерге шығатын және шетелде жүрген Қазақстан Республикасы азаматтарының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (бұдан әрі – МӘМС) жарналары бойынша берешегінің қалыптасуына жол бермеу мақсатында төмендегіні хабарлайды.

МӘМС туралы Заңның 26-бабы 1-тармағының 13) тармақшасына сәйкес «орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан адамдар» үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналарды мемлекет төлейді.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-333/2020 бұйрығымен бекітілген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтерді тұтынушыларды есепке алуды жүргізу және медициналық көмек алуға құқық беру қағидаларының 48-тармағына сәйкес «шетелдік, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан адамдардың» (бұдан әрі – студенттер) тізімі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің (бұдан әрі – ҚР ҒЖБМ) ақпараттық жүйесінен алынатын мәліметтер негізінде қалыптастырылады.

Осылайша, азаматтардың жеңілдікті санаттарының тізімін қалыптастыру Қордың құзыретіне кірмейді.

Қор сақтандырылған мәртебесін ақпараттық жүйеде уәкілетті мемлекеттік органдардан келіп түсетін жеңілдікті санаттағы азаматтар туралы мәліметтер негізінде автоматты түрде береді.

Сонымен қатар, тәжірибеде шетелдік білім беру ұйымдарында оқитын көптеген студенттердің ақпараттық жүйеде «студенттер» жеңілдікті санаты бойынша тіркелмейтіндігі байқалады. Соның салдарынан олар МӘМС жүйесі шеңберінде медициналық көмек алу мүмкіндігінен айырылады.

Бұл ретте Қазақстан Республикасына келгеннен кейін аталған азаматтар шетелдік білім беру ұйымдарында оқитын студент ретінде тіркелу жөніндегі мемлекеттік қызметті алу үшін жүгінуге мәжбүр болады. Мемлекеттік қызметті көрсетудің белгіленген мерзімін ескере отырып (15 жұмыс күніне дейін) МӘМС жүйесінде медициналық көмекке қол жеткізу Қазақстан Республикасының аумағында болған кезеңде іс жүзінде мәліметтерді өзектендіру рәсімі аяқталғанға дейін мүмкін болмай біршама уақытты талап етеді.

Осыған байланысты, Франциядағы жоғары оқу орнында білім алатын студент ретінде оқу орнының анықтамасын қоса бере отырып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық қызметтерге қол жеткізу үшін (Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі көрсететін мемлекеттік қызмет болып табылады) электрондық үкіметтің egov.kz порталында алдын ала тіркелу мүмкін екендігін Францияда білім алып жүрген студенттерге хабарлаймыз. Осылайша студент 1-курста оқып жүрген кезінде электрондық үкіметтің egov.kz порталында тіркеліп денсаулығын сақтандырғаны абзал.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау және МӘМС бойынша жарналар жөніндегі ықтимал берешектің қалыптасуының алдын алу мақсатында, осы ақпаратты Францияда жоғарғы білім беру орындарында білім алып жүрген студенттерге хабарлауды жөн санаймыз.