
Париж, 2026 жылғы 25 маусым - Франция Президенті Шарль де Голльдің Байқоңыр ғарыш айлағына жасаған тарихи сапарының 60 жылдығына орай Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің қызметкерлері Коломбэ-ле-Дёз-Эглиз коммунасына барды. Бұл мекен Францияның көрнекті мемлекет қайраткері Шарль де Голльдің өмірі мен саяси қызметімен тығыз байланысты.
Шарль де Голль 1966 жылғы маусымда Кеңес Одағына жасаған ресми сапары барысында Байқоңырға барған алғашқы шетелдік көшбасшы болды. Ол кеңестік ғарыш бағдарламасының жетістіктерімен танысты.
Коломбэ-ле-Дёз-Эглизде Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова коммуна мэрі Паскаль Бабуға француз президентінің Байқоңыр ғарыш айлағына жасаған сапарын бейнелейтін мұрағаттық фотосуреттерді табыстады. Фотосуреттерде француз көшбасшысын сол кездегі Қазақ КСР Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың қарсы алған сәті бейнеленген.
Коммуна басшысы генерал де Голльдің Қазақстанға сапары екі ел халықтары арасындағы қарым-қатынастың адами өлшемін айқындайтын маңызды оқиға екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл сапар халықтар арасындағы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан достық пен байланыстардың айқын көрінісі болып табылады.
Гүлсара Арыстанқұлова Бесінші Француз Республикасының негізін қалаушыға құрмет ретінде Астанада ескерткіш орнатылып, оның есімі көше мен мектепке берілгенін атап өтті.
Кездесу барысында қазақстандық дипломат пен Паскаль Бабу Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестіктің қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Елші Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері туралы айтып, соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар мен конституциялық өзгерістерге ерекше тоқталды. Өз кезегінде коммуна мэрі Қазақстанның дамуы жөнінде жақсы хабардар екенін көрсетіп, елімізге келуге ниетті екенін білдірді.
Коломбэ-ле-Дёз-Эглиз коммунасында қазақстандық дипломаттар генерал Шарль де Голльдің зиратына гүл шоқтарын қойып, оның рухына тағзым етті. Делегация сондай-ақ Шарль де Голль мемориалы мен оның Ла Буассери резиденциясында болып, Францияның Бесінші Республикасының негізін қалаушының өмірі мен қызметіне арналған көрмемен танысты.