Қазақстан мен Франция Стратегиялық маңызды шикізат материалдары жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізді

Қазақстан мен Франция Стратегиялық маңызды шикізат материалдары жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізді

Париж, 2026 жылғы 18 маусым – 2025 жылғы желтоқсанда өткен
Қазақстан-Франция үкіметаралық комиссиясының отырысы қорытындысы
бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мақсатында 2026
жылғы 18 маусымда бейнеконференция форматында Стратегиялық маңызды
шикізат материалдары саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-
Франция жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Франциядағы Елшілігі мен
Францияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылып,
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп
комитеті төрағасының орынбасары Олжас Әлібеков пен Францияның
минералдық шикізат пен металдармен стратегиялық қамтамасыз ету
мәселелері жөніндегі ведомствоаралық делегаты Бенжамен Галлезоның тең
төрағалығымен өткізілді.

Қазақстан тарапынан отырысқа Қазақстанның Франциядағы
Елшілігінің кеңесші-уәкілі Аяжан Мұстафина, Ұлттық геологиялық
қызметтің басшысы Ерлан Ғалиев, «Атамекен» Қазақстан Республикасы
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Тау-кен металлургия кешені департаментінің
директоры – басқарушы директоры Рустам Шунтуков, «Атамекен»
палатасының Франциядағы өкілі Ғалымжан Дугалов, Ұлттық технологиялық
болжау орталығының бас директоры Әл-Фараби Ыдырышев, сондай-ақ
Қазақстанның компанияларының, салалық және ғылыми-зерттеу
ұйымдарының өкілдері қатысты.

Қазақстан мен Францияның аса маңызды шикізат материалдары
саласындағы ынтымақтастығы жоғары деңгейде қол жеткізілген
келісімдердің жалғасы болып табылады және 2023 жылғы Стратегиялық
минералдар жөніндегі ниеттер туралы бірлескен декларацияға, сондай-ақ
2024 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт
Тоқаевтың Францияға жасаған мемлекеттік сапары барысында қол қойылған
Жол картасына негізделеді.

Отырыс барысында геологиялық барлау, шикізатты өңдеу, геологиялық
деректер мен технологиялар алмасу салаларындағы бірлескен жобаларды
дамытуға, сондай-ақ екі елдің бейінді ұйымдары мен бизнес өкілдері
арасындағы байланыстарды кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ұзақ мерзімді стратегиялық
әріптестікті одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растады және аса маңызды
шикізат материалдары саласындағы бірлескен бастамалар мен жобаларды
іске асыруды жалғастыруға келісті.