Гарж-ле-Гонес қаласының мэрімен кездесу туралы

Гарж-ле-Гонес қаласының мэрімен кездесу туралы
Париж, 2026 жылғы 18 маусым - Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова Гарж-ле-Гонес қаласының мэрі Бенуа Жименезді қабылдады.
 
Кездесу барысында Елші Б. Жименезге Қазақстанның Елшілігіне және қазақ диаспорасына көрсетіп келе жатқан тұрақты қолдауы үшін шынайы ризашылығын білдіріп, сондай-ақ ағымдағы жылдың мамыр айында Гарж-ле-Гонес қаласында өткен Еуропадағы қазақстандықтар мен қандастардың Құрылтайын ұйымдастыруға қосқан өлшеусіз үлесін ерекше атап өтті.
 
Мэр Қазақстанды Францияның маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі ретінде жоғары бағалайтынын айтып, Елшілікпен қалыптасқан достық пен өзара сенімге негізделген ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
 
Кездесу аясында Б. Жименез Елшілік аумағында орнатылған он қанатты киіз үйді тамашалап, қазақ халқының бай дүниетанымы, мәдениеті мен тарихи мұрасына тәнті екенін білдірді. Сондай-ақ қазақтың дәстүрлі мәдениетінің бірегейлігі мен терең мазмұны халықтарды жақындастыратын ерекше құндылық екенін атап өтті.
 
Осы ретте мэр 2027 жылы Гарж-ле-Гонес қаласында қазақстандық өнерпаздардың қатысуымен Қазақстанның мәдениеті мен өнеріне арналған арнайы фестиваль өткізуді ұсынды.
 
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі ел халықтары арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілді екендіктерін растады.
 
Анықтама: Гарж-ле-Гонес қаласы Париж маңында орналасқан. Қала әкімдігі қазақстандықтар мен қандастардың Наурыз мерекесін, сондай-ақ өзге де мәдени және спорттық іс-шараларын өткізуге тұрақты қолдау көрсетіп келеді.