
Париж, 2026 жылғы 4 мамыр – Франциядағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің бастамасымен, Шығыс тілдері мен өркениеттерінің ұлттық институтымен (Inalco), сондай-ақ қазақстандық Freedom Holding Corp. компаниясының қаржылық қолдауымен Қазақстан мен Орталық Азияны зерделеуге бағытталған бірқатар білім беру бастамалары жүзеге асырылуда.
2023 жылғы қыркүйектен бастап Inalco-да қазақ тілі оқытылып келеді. Бұл бастама аталған бағыттың дамуына негіз қалап, академиялық ынтымақтастықтың кеңеюіне серпін берді.
Аталған бастамалар француз студенттерінің Қазақстанның тілі мен мәдениетіне академиялық тұрғыдан терең бойлауын, сондай-ақ «Киіз үй аясында» атты халықаралық қатынастар бойынша Көктемгі мектептің өткізілуін қамтиды.
Академиялық тағылымдама жобасы Inalco студенттерінің Қазақстанда бір семестр білім алуын көздейді. Жоба 2025–2028 жылдарға арналған үш жылдық стипендиялық бастама ретінде жүзеге асырылып, тілдік, кәсіби және мәдениетаралық құзыреттерді дамытуға, сондай-ақ қазақ тілінің халықаралық беделін арттыруға бағытталған.
Алғашқы Көктемгі мектеп ү.ж. 22 сәуір мен 3 мамыр аралығында өтіп, халықаралық қатынастар мен Орталық Азияны зерттеуге маманданған студенттердің басын қосты. Ол өңірдің геосаясаты, энергетикалық және экологиялық өзгерістер, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық үдерістерді қамтыған қарқынды білім беру курсы болды.
Қазақ тіліне ерекше мән берілді: ол тек қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның мәдениетін, дәстүрлері мен тарихын тереңірек түсінудің, сондай-ақ елдің қазіргі даму үдерістері мен оның өңірлік және халықаралық кеңістіктегі орнын пайымдаудың маңызды кілті ретінде қарастырылды.
Курс тәжірибеге бағытталған сипатта өтті: көшпелі сабақтар ұйымдастырылып, қатысушылар киіз үйдегі дәстүрлі тұрмыс-тіршілікпен танысты, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік сарапшылармен кездесулер өткізілді.
Бұл бастамалар негізгі серіктестердің қатысуымен жүзеге асырылуда. Олардың қатарында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Сорбонна-Қазақстан институты және Орталық Азияны зерттеу жөніндегі Француз институты (IFEAC) бар. Аталған ұйымдар жобалардың академиялық мазмұнын қамтамасыз етіп, оларды Қазақстанның білім беру және ғылыми кеңістігіне кіріктіруге ықпал етеді.
Аталған бастамаларды іске асыру академиялық ұтқырлықты дамытуға, ғылыми байланыстарды нығайтуға және қазақ тілі мен мәдениетін халықаралық деңгейде ілгерілетуге ықпал етеді. Бұл өз кезегінде француз-қазақстан ынтымақтастығының жаңа кезеңін және Еуропаның академиялық қауымдастығының Қазақстан мен Орталық Азияға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.