
Париж, 11 апреля 2026 года – Наурыз мерекесіне орай Париждің қақ ортасындағы Терн алаңында Қазақстанның Франциядағы Елшілігі «Village kazakh» («Қазақ ауылы») мәдени іс-шарасын ұйымдастырды. Іс-шараның басты нышаны дәстүр бойынша қазақтың киіз үйі болды. Үшінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан бұл жоба Францияда қазақ мәдениетін ілгерілетудің маңызды алаңына айналып отыр.
Іс-шара Париждің 17-ші округі мэриясының, «The Harvest Group» компаниясының қолдауымен, сондай-ақ «QazElles» және «KazFashionParis» қауымдастықтарының қатысуымен өтті.
Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова мен Париждің 17-ші округінің мэрі Жеффруа Буллар өз сөздерінде Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықты дамытудың маңызын және мәдени дипломатияның ерекше рөлін атап өтті.
Іс-шара бағдарламасы қонақтарға қазақ халқының дәстүрлі тұрмыс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік берді. Киіз үй ұлттық дәстүрлер мен күнделікті өмір ерекшеліктерін таныстыратын негізгі мәдени кеңістікке айналды.
Сәндік-қолданбалы өнер шебері Сұлтан Тілек ұсынған бұйымдар көрмесі қазақтың ою-өрнек мұрасы мен қолөнер дәстүрлерінің байлығын айқын көрсетіп, келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Музыкалық бағдарламаны Алматы облысынан келген «Алатау әуендері» ансамблі мен Түркістан облысының «Алқоныр» ансамблі көркемдеді. Олар дәстүрлі музыкалық өнер үлгілерін ұсынып, «Елге сәлем», «Әттең-ай», «Қазақ осы» халық әндерін, сондай-ақ «Адай» күйін және «Көңіл ашар», «Қазақ вальсі», «Аққурай», «Париж аспанының астында» сияқты танымал шығармаларды орындады.
Гастрономиялық бөлімге де ерекше назар аударылды. Қонақтар Игорь Ивановтың жетекшілігімен дайындалған ұлттық тағамдардан, сондай-ақ «Le Cordon Bleu» аспаздық мектебінің түлегі Сабина Танатарованың заманауи кондитерлік тәсілдерді қазақтың аспаздық дәстүрімен ұштастырған авторлық десерттерінен дәм татты.
Сонымен қатар, спорттық және интерактивті шаралар ұйымдастырылып, «ашық микрофон» форматы қатысушыларға өз шығармашылық нөмірлерін ұсынуға мүмкіндік берді.
Іс-шараға Францияның мемлекеттік және муниципалдық органдарының өкілдері, білім және қоғамдық сала мамандары, қазақ диаспорасы, сондай-ақ Қазақстан мәдениетіне қызығушылық танытқан Париж тұрғындары мен қала қонақтары қатысты.