
Париж, 2026 жылғы 12 ақпан - Елшілікте Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясы жобасының таныстырылымы мен конституциялық реформаның негізгі бағыттарын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараны ашқан Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гульсара Арыстанқұлова жаңа редакциядағы Конституция жобасын әзірлеу барысы мен оның маңызы туралы айтып, құжаттың қоғамның қазіргі сұраныстарына және мемлекеттің ұзақ мерзімді даму міндеттеріне сай дайындалғанын атап өтті. Қазақстандық дипломат Конституцияда елдің бейбіт әрі прагматикалық сыртқы саясаты, БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық қағидаттарына адалдығы бекітіліп, бұл еуропалық серіктестермен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге берік негіз қалайтынын жеткізді.
Іс-шараның негізгі спикері — Қазақстан Парламентінің сенаторы, конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комиссияның хатшысы Евгений Больгерт. Ол Негізгі заң жобасының басты ережелерін таныстырып, бір палаталы Парламент құру, жоғары консультативтік орган ретінде Қазақстан Халық Кеңесін қалыптастыру және Вице-Президент институтын енгізу мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар жаңа Конституцияда Қазақстанның егемендігі, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы сияқты негізгі құндылықтар айқындалып, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мемлекеттің ең жоғары басымдығы ретінде бекітілетіні атап өтілді.
Парламентарий еліміздің Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі арқылы конфессияаралық диалогты дамытуға қосып отырған үлесін де тілге тиек етті. Сөз соңында Е. Больгерт жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі 2026 жылғы 15 наурызда өтетін референдумда азаматтардың дауыс беруі арқылы шешілетінін атап өтті.
Дөңгелек үстелге Францияның сарапшылық және іскерлік қауымдастықтарының өкілдері, сондай-ақ Сорбонна университеті мен INALCO студенттері қатысты.
Талқылау барысында қатысушылар Конституция жобасының болашақ Құрылтайдың, Конституциялық соттың және саяси партиялардың қызметіне қатысты ережелеріне қызығушылық танытты. Сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің рөлі, инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту және шетелдік компаниялардың қызметін қолдау шаралары жөнінде пікір алмасылды.