Қазақстан мен Франция стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін растады

Қазақстан мен Франция стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін растады

Париж, 2026 жылғы 2 ақпан – Париж қаласында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов пен Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігі Континенттік Еуропа департаментінің директоры Брис Рокфейдің қатысуымен Қазақстан-француз саяси консультацияларының 11-раунды өтті.

Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Франция арасындағы күшейтілген стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдету мәселелерінің кең ауқымын, сондай-ақ көпжақты өзара іс-қимылдың өзекті бағыттарын талқылады.

Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Исетов Қазақстан мен Франция арасындағы саяси диалогтың тұрақты әрі сенімді сипатқа ие екенін және ол мемлекеттер басшылары деңгейіндегі жүйелі байланыстар арқылы қолдау табатынын атап өтті.

Өз кезегінде департамент директоры Б.Рокфей Францияның Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілігін тағы да растады және мемлекет басшыларының назарындағы қол жеткізілген уағдаластықтарды практикалық тұрғыда іске асырудың маңыздылығын атап көрсетті.

Экономикалық салада Францияның Қазақстанның жетекші еуропалық сауда-инвестициялық әріптестерінің бірі ретіндегі рөлі расталды – француз инвестицияларының қазақстандық экономикаға құйылған жалпы көлемі шамамен 21 млрд. долл. жетті. Француз компаниялары Қазақстанда кеңінен қызмет атқарып, энергетика, тұрақты даму, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, құрылыс, көлік инфрақұрылымы мен өнеркәсіп секторын дамытуға елеулі үлес қосып келуде.

Экологиялық және климаттық күн тәртібі аясында Қазақстан тарапы 2026 жылғы 22-24 сәуір аралығында Қазақстанда өтетін БҰҰ-ның Өңірлік экологиялық саммитіне француз әріптестерінің белсенді қатысуына үміт білдірді. Аталған іс-шара бұған дейін Эр-Риядта бірлесіп өткізілген «One Water Summit» саммитінің жалғасы болмақ.

Гуманитарлық салада тараптар білім беру, ғылым және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға өзара мүдделілігін растады.

Көпжақты күн тәртібі бойынша дипломаттар халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мәселелеріне қатысты ұстанымдардың жақындығын, сондай-ақ халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының қағидаттарына бейілділікті атап өтті.

Сонымен қатар, А.Исетовтің Парижге сапары аясында Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігі Саяси және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі бас директоры Фредерик Мондолонимен кездесу өтті. Оның барысында екіжақты, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды.