
Париж, 2026 жылғы 28 қаңтар - Қазақстанның Франциядағы Елшілігінде Франция Парламенті Сенатының депутаттарымен, «Франция – Орталық Азия» достық тобының мүшелерімен кездесу өтті.
Кездесу барысында Қазақстанның Франциядағы Елшісі Г.Арыстанқұлова француз тарапын Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында жариялаған елдегі конституциялық реформа туралы хабардар етті. Ерекше назар негізгі реформалар бағыттарына аударылды, оның ішінде бірпалаталы парламент құру, Вице-президент лауазымын енгізу, сондай-ақ «Халық кеңесі» институтын қалыптастыру мәселелері қамтылды.
Өз кезегінде француз сенаторлары ұсынылған реформаларды жаңашыл әрі өршіл бастама ретінде бағалап, олардың Қазақстанның одан әрі орнықты дамуы үшін маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ сенаторлар парламентаралық диалогты нығайтуға мүдделі екендіктерін растады.
Сонымен қатар, сенаторлар елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар мен қоғамдық-саяси үдерістерге айрықша мән беріп, мемлекет дамуының стратегиялық бағыттары мен саясаттағы жаңашыл бастамалардың жүзеге асырылу барысын үнемі жіті назарда ұстайтындарын атап өтті.
Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстан-француз ынтымақтастығының қарқынды дамуын атап өтіп, оның ішінде «Франция – Орталық Азия» достық тобы аясында да сындарлы өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.