Парижде Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның 35 жылдығы аталып өтті

Парижде Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның 35 жылдығы аталып өтті

Париж, 2025 жылғы 7 қараша - Қазақстанның Франциядағы Елшілігі Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өткізді.

Қабылдауға Елисей сарайының, Парламенттің, Еуропа және сыртқы істер министрлігінің, сондай-ақ Францияның басқа да мемлекеттік органдарының, іскер және қоғамдық топтарының, Парижде аккредиттелген дипломатиялық корпустың және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

Атаулы күнге орай Қазақстанның Халық әртісі Майра Мұхамедқызы пианист Алияр Отетлеудің сүйемелдеуімен Қазақстан мен Францияның мемлекеттік әнұрандарын орындады.

Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова өз сөзінде еліміздің егемендік жылдарындағы саяси, экономикалық және әлеуметтік даму жетістіктері туралы айтып өтті. Сондай-ақ, қазақстандық дипломатияның жетістіктеріне, мемлекеттіміздің халықаралық және өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етуге және жаһандық сын-қатерлерді шешуге қосқан үлесіне ерекше назар аударылды. Елші өз сөзінде екі ел арасындағы нығайтылған стратегиялық әріптестіктің қарқынды дамуы мен келешегіне тоқталды.

Қазақ диаспорасы өкілдерінің Қазақстан-Франция көпқырлы ынтымақтастығын дамытуға қосқан елеулі үлесі ерекше атап өтілді. Осыған байланысты іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақ-француз қауымдастығының (AKFT) төрағасы Режеп Гюнай II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.

Салтанатты шараға қазақстандық композиторлардың шығармаларын шебер орындаған Шымкент қаласының квартеті де қатысты. Сонымен қатар, қонақтар ұлттық тағамдардан, әйгілі Апорт алмаларынан және «Le Cordon Bleu» аспаздық мектебінің түлегі Сабина Танатарова дайындаған авторлық десерттерден дәм татты.