Әміре Қашаубаевтың Париждегі өнер көрсетуінің 100 жылдығы: «Әміре» фильмінің көрсетілімі өтті

Әміре Қашаубаевтың Париждегі өнер көрсетуінің 100 жылдығы: «Әміре» фильмінің көрсетілімі өтті

«Қазақстанның Франциядағы күзі» маусымы және 7-ші қазақстандық кинофестивалі аясында Қазақстанның Париждегі Елшілігінде «Әміре» көркем фильмінің көрсетілімі өтті.

Іс-шара қазақтың әйгілі әншісі Әміре Қашаубаевтың 1925 жылы Парижде өткен Бүкіләлемдік көрмеде өнер көрсеткеніне 100 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Оның мақсаты халық музыкасын алғаш болып халықаралық сахнада танытқан дарынды өнер иесінің шығармашылығына құрмет көрсету және оның рухына тағзым ету.

Фильм көрермендерді Ә.Қашаубаевтың Париждегі кезеңімен және оның шығармашылығымен таныстырып, қазақтың ұлттық музыкалық мұрасын шетелде насихаттаудағы ерекше үлесін көрсетті.

Ә.Қашаубаев 1925 жылдың шілде айында Бүкіләлемдік көрме аясында өткен «Орыс (кеңестік) этнографиялық өнер апталығында» өнер көрсетіп, қазақ музыкасының байлығы мен бірегейлігін паш етті. Ол өз өнері үшін күміс медальмен марапатталған.

«Әміре» фильмі 2018 жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының қатысуымен түсірілген. Басты рөлді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Санжар Мәди сомдаған.