Қазақстанның Франциядағы күзі: «Birlik» ансамблі Парижде өнер көрсетті

Қазақстанның Франциядағы күзі: «Birlik» ансамблі Парижде өнер көрсетті

Париж, 2025 жылғы 13 қазан - Париждің 17-ші округі мэриясының залында Елшіліктің «Қазақстанның Франциядағы күзі» мәдени жобасы аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен  «QazElles» әйелдер қауымдастығының қолдауымен «Birlik» көпұлтты этноансамбльдің концерті өтті.

Концерт бағдарламасында қазақ хореографиялық өнерінің үздік үлгілері ұсынылды. Солардың ішінде аты аңызға айналған күйші Нұрғиса Тілендиевтің күйінің сүйемелдеуімен орындалған «Аққу» биі көрермендерді ерекше тәнті етті. Сондай-ақ, көркемдік жетекші Анель Марабаеваның басшылығымен «Birlik» ансамблі Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Корея Республикасы және Үндістан билерін орындап, Орталық және Оңтүстік Азия халықтарының мәдени мұрасының байлығы мен алуан түрлілігін паш етті.

Сонымен қатар, концерттің атмосферасын ежелгі қазақ өнерінің рухымен байытқан қобызшы Ғазиза Ғабрахимованың әсерлі қойылымы көрермендерге ерекше әсер қалдырды.

Жергілікті жұртшылық қазақстандық әртістердің өнерін зор ықыласпен қабылдап, олардың жоғары шеберлігін, сахналық мәдениетін және еліміздің мәдени алуан түрлілігін ерекше атап өтті.