Страсбургте стратегиялық әріптестікті және өңіраралық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды

Страсбургте стратегиялық әріптестікті және өңіраралық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды

Страсбург, 2025 жылғы 29 қыркүйек – Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова Францияның Үлкен Шығыс өңірінің префектісі Жак Витковскимен кездесу өткізді. Жүздесу барысында Қазақстан-француз күшейтілген стратегиялық әріптестігін және өңіраралық ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.

Тараптар Қазақстан мен Франция арасындағы конструктивті саяси диалогтың жоғары деңгейі мен серпінін, соның ішінде мемлекет басшыларының өзара сапарларын атап өтті.

Қазақстан Елшісі префектті қазіргі Қазақстанның әртүрлі салалардағы даму үрдістерімен таныстырды. Сонымен қатар ол Президенттің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: цифрлық трансформация арқылы өзекті міндеттер және оларды шешу» атты Жолдауында баяндалған мақсаттар мен болашақ жоспарлармен бөлісті.

Г.Арыстанқұлова өңіраралық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтіп, оның ішінде металлургия, машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен мен туризм сияқты салаларды перспективалық бағыттар ретінде атап өтті. Сондай-ақ мәдениет, туризм және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты жандандырудың маңыздылығы көрсетілді, оның ішінде университеттер арасындағы алмасу және орта білім беру мекемелері арасындағы өзара іс-қимыл әлеуеті аталды.

Префект екіжақты өзара іс-қимылдың перспективасына оң баға беріп, Қазақстанның сенімді стратегиялық әріптес ретіндегі рөлін жоғары бағалады және экономика мен мәдени-гуманитарлық салаларда жаңа бірлескен жобаларды қарастыруға дайын екенін білдірді. Осы орайда ол өңірдің Қазақстанның Страсбургтегі Бас консулдығымен, сондай-ақ Қазақстанның Париждегі Елшілігімен ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін растады.

Үлкен Шығыс өңірі (Grand Est) Францияның солтүстік-шығысында орналасқан Эльзас, Лотарингия және Шампань-Арденн аумақтарын біріктіреді, әкімшілік орталығы – Страсбург. Өңір ел аумағының шамамен 10%-ын алып жатыр және Бельгиямен, Люксембургпен, Германиямен және Швейцариямен шектеседі. Экономикалық негізін (Франция ЖІӨ-нің шамамен 7%) автомобил жасау, металлургия, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және құрылыс құрайды. Мұнда ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен жетекші университеттер орналасқан. Страсбургте Еуропа Кеңесі, Еуропалық Парламент және Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сот сияқты халықаралық ұйымдар жұмыс істейді.