Париждің орталық алаңдарының бірінде Қазақстаннан әкелінген қызғалдақтар гүлдейді

Париждің орталық алаңдарының бірінде Қазақстаннан әкелінген қызғалдақтар гүлдейді
Париж, 2025 жылғы 24 қыркүейк Париждің 17-ші округіндегі Ваграм алаңында Шымкент қаласы әкімдігі сыйға тартқан қызғалдақ шамдарын табыстау және отырғызу салтанатты рәсімі өтті. Бұл бастама Франция астанасының 17-ші округіндегі Терн алаңында екі жыл қатарынан ұйымдастырылған «Қазақ ауылы» (Village Kazakh) жобасының жалғасы болып табылады.
 
Іс-шараға Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова, Париждің 17-ші округінің мэрі Жеффруа Буллар, оның орынбасарлары, QazElles қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ жергілікті тұрғындар мен Қазақстанның достары қатысты.
 
Қызғалдақ - тарихи отаны қазіргі Қазақстан аумағында орналасқан гүл, ол жаңаруды, достықты және үйлесімділікті білдіреді. Оның Парижде отырғызылуы экономика мен инновациялардан бастап білім, ғылым және мәдениетке дейінгі негізгі салаларды қамтитын қазақ-француз ынтымақтастығын одан әрі дамытуға деген ұмтылыстың жарқын айғағына айналды.
Іс-шара барысында қазақстандық студент Г. Рүстемқызының музыкалық орындауы ерекше көңіл-күй сыйлады.
 
Еске сала кетейік, 2023 жылы Қазақстан мен Франция арасындағы достық пен өзара тиімді ынтымақтастықтың белгісі ретінде Шымкенттен әкелінген қызғалдақ шамдары Париждің әйгілі Багатель бағына отырғызылған болатын.