Франциядағы Қазақстан археологиясы күні

Франциядағы Қазақстан археологиясы күні

Париж, 2025 жылғы 18 қыркүйек – Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің бастамасымен Францияның Адам палеонтологиясы институтында «Қазақстан археологиясы: жетістіктері және екіжақты ынтымақтастықты дамытудың перспективалары» атты халықаралық конференция өтті. Конференцияның ұйымдастырылуы Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының, сондай-ақ Францияның жетекші ғылыми орталықтары Ұлттық алдын ала археологиялық зерттеулер институты (INRAP) және Ұлттық ғылыми зерттеулер орталығының (CNRS) қолдауымен мүмкін болды.

Конференцияға Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігінің өкілдері, ғылыми ұйымдар, университеттер, сондай-ақ Қазақстан мен Францияның жетекші археологтары (З.Самашев, Т.Мамиров, Д.Байтілеу, Е.Осипова, У.Рендю, Х.Бендезу-Сармиенто және басқалары) қатысты.

Конференцияны аша отырып, Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова Қазақстан-француз ғылыми ынтымақтастығының жоғары әлеуетін атап өтіп, ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыру үшін Қазақстан мен Францияның тұрақты археологиялық миссиясын құру қажеттілігін атап көрсетті.

Құттықтау сөздерімен Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек (бейнеүндеу), Адам палеонтологиясы институтының Бас директоры А.Эшассу, Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының директоры А.Оңғарұлы, Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігінің Континенттік Еуропа дирекциясы директорының орынбасары М.Комб және Ұлттық алдын ала археологиялық зерттеулер институтының халықаралық байланыстар жөніндегі директорының орынбасары К.Салас Розенбах сөз сөйледі.

Пленарлық бөлімде қазақстандық ғалымдардың тас, қола және темір дәуірлері бойынша зерттеу нәтижелері, сондай-ақ археологиядағы цифрлық технологиялар мен пәнаралық тәсілдердің қолданылуы ұсынылды.

Конференция аясында Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институты мен Адам палеонтологиясы институты арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға, сондай-ақ CNRS Trajectoires UMR 8215 зертханасы және Париж 1 Пантеон-Сорбонна университетімен әріптестік туралы келісімге қол қойылды.

«Қазақстан археологиясындағы жаңа көкжиектер» атты дөңгелек үстел барысында қатысушылар Конференция қорытындысы бойынша қабылданған қарарға енгізілген бірқатар бастамаларды әзірледі. Олардың ішінде Ұлттық ғылыми зерттеулер орталығы және басқа да әріптестермен ұзақ мерзімді негізде археологиялық миссия құру, Ұлттық алдын ала археологиялық зерттеулер институтымен бірге алдын ала археология жүйесін дамыту, тарихқа дейінгі дәуір, неолиттендіру, тау-кен ісі мен металлургия бойынша бірлескен зерттеулер, сондай-ақ білім беру бағдарламалары, академиялық алмасулар, көрмелер мен конференциялар бар.

Конференция Қазақстан мен Франция арасындағы ғылыми диалогты нығайтып, археология және мәдени мұра саласындағы әріптестікті дамытуға деген қызығушылықты тағы бір мәрте дәлелдеді.