Франциядағы халықаралық көрмеде қазақстандық ірімшік өнімдері жоғары бағаланды

Франциядағы халықаралық көрмеде қазақстандық ірімшік өнімдері жоғары бағаланды

Тур, 2025 жылғы 15 қыркүйек - Францияның Тур қаласында сүт өнеркәсібі саласындағы «Mondial du Fromage et des Produits Laitiers» («Әлемдік ірімшік пен сүт өнімдері») көрме-фестивалі өтті. Іс-шара әлемнің әртүрлі елдерінен ірі өндірушілер, сарапшылар және салалық мамандар қатысты. Қазақстан бұл беделді алаңда алғаш рет кең ауқымда таныстырылды.

Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова көрме аясында өткен «Қазақстан – Орталық Азиядағы ірімшік өнері мен индустриясын дамытуға серпін беруші» атты дөңгелек үстелге қатысты. Өз сөзінде Елші Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешенді қолдау мен дамытуға, соның ішінде сапалы сүт өнімдері мен ірімшік өндірісін арттыруға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Сондай-ақ, ол бұл саладағы әлеует Орталық Азиядағы ең қуатты бағыттардың бірі екенін жеткізіп, түйе мен бие сүтінен дайындалатын ірімшіктердің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, мұндай өнімдер дәстүрлі технологиялар мен инновациялық тәсілдерді ұштастыра отырып, халықаралық нарықта жоғары экспорттық әрі туристік тартымдылыққа ие.

Көрмеге Ақмола, Қызылорда және Маңғыстау облыстарындағы сегіз ірімшік өндіруші кәсіпорын қатысты. Қазақстандық өнімдер кәсіби дегустаторлармен қатар Еуропаның ірі сауда желілері мен мейрамхана индустриясы өкілдерінің зор қызығушылығын тудырды.

Байқау нәтижесінде қазақстандық түйе және ешкі сүтінен дайындалған ірімшіктер үш алтын, бір күміс және екі қола медальге ие болды. Бұл жетістік еліміздің сүт өнімдерінің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін дәлелдей отырып, «Қазақстанда жасалған» ұлттық брендінің халықаралық нарықта нығаюына жол ашты. Қазақстанның Mondial du Fromage көрмесіне қатысуы агроөнеркәсіптік кешенінің экспорттық әлеуетін кеңейтуге, ұлттық гастрономиялық мәдениетті халықаралық деңгейде ілгерілетуге және салалық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.