Париж, 2025 жылғы 14 қыркүйек - Қазақстанның Франциядағы Елшілігі Жамбыл облысы әкімдігінің, Lactalis-Kazakhstan компаниясының және ұлттық тағамдар мейрамханасы Sandyq-тың қолдауымен еліміздің мәдениеті мен гастрономиясын алғаш рет 11–14 қыркүйек күндері Сена өзенінің жағалауында, Эйфель мұнарасының түбінде өтіп жатқае Халықаралық гастрономиялық фестивальде ұсынуда.
«Қазақстан» павильоны қонақтарды халқымыздың бай мәдениеті мен аспаздық дәстүрлерімен таныстыратын орталыққа айналды. Мұнда келушілер Sandyq мейрамханасының шеф-аспаздары әзірлеген дәстүрлі қазақ тағамдарынан дәм татып, Жамбыл облысының кәсіпорындары мен қолөнершілерінің өнімдерімен танысуда.
«Sandyq» мейрамханасының бас аспазшысы Расим Қонаев қазақтың басты ұлттық тағамы – «Қазақша ет» (бесбармақ) дайындау бойынша шеберлік сабағын өткізді. Ол тағамның тарихы мен қазақ мәдениетіндегі ерекше орны туралы айтып берді. Француз кәсіби аспаздары мен фестиваль қонақтары тағамның әзірлену барысын қызығушылықпен бақылап, дайын асынан дәм татты.
«Le Cordon Bleu Paris» аспаздық мектебінің түлегі Сабина Танатарова дайындаған «Қазақ киіз үйі» атты авторлық десерт те фестиваль қонақтарының ерекше ықыласына бөленді.
Сондай-ақ әйгілі «Тараз» триосы мен Қ.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармония әртістері халық әндерін әуелете орындап, қазақ мәдениетін паш етумен қатар, халықаралық меймандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Фестиваль шеңберінде «Aigul Line» сән үйі ұлттық нақыш пен заманауи үрдістерді үйлестірген киімдер топтамасын ұсынып, көрермендердің жоғары бағасын алды.
Осылайша, Қазақстан ұлттық тағамдары мен өңірлік өнімдерін, музыкасы мен сән өнерін паш ете отырып, Париждің төрінде өткен Халықаралық гастрономиялық фестивальге жан-жақты және толыққанды қатысуда.
Франция Президентінің қамқорлығымен өтіп жатқан VII Халықаралық гастрономиялық фестивальге әлемнің 63 мемлекеті қатысуда.