Франциядағы қазақстандық студенттерге арналған археология бойынша шеберлік сабағы: екіжақты ғылыми ынтымақтастықты нығайту

Франциядағы қазақстандық студенттерге арналған археология бойынша шеберлік сабағы: екіжақты ғылыми ынтымақтастықты нығайту

 

Жонзак (Шаранта Маритим департаменті), 2025 жылғы 8 қыркүйек – Орталық Азияны зерттеу жөніндегі «ZooStan» археозоологиялық орталығы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ) мен Францияның Ұлттық ғылыми зерттеулер орталығы (CNRS) арасындағы серіктестік аясында құрылған, ҚазҰУ студенттеріне, сондай-ақ Орталық Азияның басқа елдерінен келген студенттер мен жас ғалымдарға арналған археология бойынша шеберлік сабағын өткізді.

Қазақстан-Франция археология саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өту және осы бастаманы қолдау мақсатында іс-шараға Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова арнайы қатысты. Өз сөзінде ол Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия аймағының тарихи-мәдени мұрасын зерттеудегі екіжақты ғылыми ынтымақтастықтың рөлін ерекше атап өтті. Елші археологиялық зерттеулердің және далалық жұмыстардың нәтижелерінің мемлекеттердің әлемдік өркениетке қосқан үлесін насихаттаудағы маңызын атап өтіп, мұндай үлесті Францияның және әлемнің жетекші музейлерінде көрмелер ұйымдастыру арқылы көрсету қажеттігін жеткізді. Осы орайда ол Париждегі Гиме Азия өнері ұлттық музейінде өткен «Қазақстан: Ұлы дала жауһарлары» көрмесін (2024 жылғы қараша – 2025 жылғы наурыз), сондай-ақ осы музейде 2011 жылы өткен көшпелі өркениетке арналған экспозицияны еске салды.

Қазақстандық дипломат Франция тарапына қазақстандық жас зерттеушілер мен Францияның жетекші мамандары арасындағы тығыз байланыстарды дамытуға көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіріп, қатысушыларды А.Х. Марғұлан атындағы Археология институтымен бірлесіп ұйымдастырылатын, 18 қыркүйекте Париждегі Адам палеонтологиясы институтында өтетін «Қазақстан археологиясы: жетістіктер мен Қазақстан мен Франция арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективалары» атты халықаралық конференциясына және «Қазақстан археологиясындағы жаңа ашылулар» атты дөңгелек үстелге қатысуға шақырды.

Сонымен қатар, ҚазҰУ тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Досбол Байғұнақов, сондай-ақ CNRS экология және қоршаған орта жөніндегі халықаралық бөлімнің директоры Эудора Берниоллес сөз сөйледі.

Іс-шара аясында Елші Жонзактағы мустье мәдениетіне (б.з.д. 120–40 мың жыл) жататын археологиялық қазбаларды аралады. Бұл жерде неандертальдарға қатысты жан-жақты зерттеулер жүргізілуде. «ZooStan» орталығының директоры Уильям Рендю қазақстан-француз бірлескен зерттеулерінің жоспарларымен таныстырды. Олар Орталық Азияның тарихқа дейінгі кезеңін және оның Еуропаның ежелгі тарихымен ықтимал байланыстарын тереңірек зерделеуді мақсат етеді. Зерттеу тақырыптарына тас өңдеу технологияларының ұқсастықтары, жылқы аулау дәстүрі және Еуразия далаларынан Еуропаға қолға үйретілген жылқының таралуы кіреді.

Сапар барысында Елші Жоғарғы Сен-Онж коммуналары бірлестігінің президенті Клод Бело мен Жонзак мэрі Кристоф Кабримен кездесті. Тараптар ғылым, мәдениет, білім және туризм салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, музейлік және археологиялық алмасуларды дамыту, сондай-ақ туристік бағыттарды ілгерілету жөніндегі бастамалар қарастырылды.