Авиньон, 2025 жылғы 9 шілде – «Орталық Азия күндері» аясында өтіп жатқан әлемдегі ең ірі театр фестивальдерінің бірі — «Avignon Off» сахнасында Алматы еліміздің мәдени астанасы әрі Орталық Азиядағы креативті индустриялардың ірі орталығы ретінде таныстырылып жатыр.
Фестиваль бағдарламасына Алматыдан төрт театр ұжымы қатысып, әрқайсысы өзіне тән дара стилі мен жанрымен халықаралық көрерменге қазақ өнерінің жаңа қырларын паш етуде:
8 шілде күні Авиньон фестивалі шеңберінде қазақстандық павильонның салтанатты ашылуы өтті. Оған Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова, Avignon Off фестивалінің төрағасы Гарольд Давид, Авиньон қаласы мэрінің орынбасары Давид Фурнье және қалалық кеңес мүшесі Бернар Хокмайян қатысты.
Сол күні Louis Vouland музейінде Алматының Орталық Азиядағы мәдени астана әрі креативті хаб ретіндегі таныстырылымы өтті. Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев Алматы мен Қазақстанның зор шығармашылық және креативті әлеуеті туралы әңгімелеп, халықаралық мәдени ынтымақтастықтың маңызын ерекше атап өтті. Кештің құрметті қонақтарының арасында Франция Мәдениет министрлігінің Оңтүстік — Прованс — Альпі — Лазур жағалауы аймағындағы өкілдігінің директоры Эдуар де Ламли, осы өңірдің көркем және мәдени өміріне жауапты аймақтық кеңесші Мишель Бисьер, сондай-ақ театр директорлары, шығармашылық ұжымдардың жетекшілері, журналистер мен мәдени ұйымдардың өкілдері болды.
Француз тарапы Қазақстан мәдениетінің бірегейлігі мен сан қырлы байлығын атап өтіп, театр ұжымдарының фестивальге қатысуына ризашылық білдірді. Олар мұндай шаралар Еуразия кеңістігінің, Ұлы даланың ежелгі әрі бай мәдениеті мен өнерін шетелдік көрермендерге жақынырақ таныстыруға жол ашатынын айтты.
9 шілде күні Village du Off алаңында өткен дөңгелек үстелде Алматы қалалық мәслихатының депутаты Кристина Бекмурзаева мен «Almaty Creative» индустрияларды дамыту орталығы» ЖШС директорының міндетін атқарушы Ерлан Давов Алматының 2027 жылға дейінгі мәдени және креативті инфрақұрылымды дамыту стратегиясын таныстырып, француз және еуропалық әріптестермен жаңа жобалардың болашағын талқылады.
Алматы мен қазақстандық театр ұжымдарының «Avignon Off» фестиваліне қатысуы қаланың Орталық Азиядағы жетекші мәдени орталық ретіндегі мәртебесін бекітіп, отандық креативті индустриялардың әлемдік аренадағы әлеуетін айқын көрсетті.
Фестиваль Авиньонда 26 шілдеге дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде қазақстандық театрлар өз қойылымдарын ұсынуды жалғастырып, мыңдаған шетелдік көрерменге қазақ театры мен мәдениетінің байлығын тереңірек таныстыруға мүмкіндік береді.