Париж, 2025 жылғы 26 маусым - Қазақстанның Франциядағы Елшілігінде Елші Гүлсара Арыстанқұлова қазақ диаспорасының беделді өкілдерімен маңызды әрі мазмұнды кездесу өткізді. Жиынға AKFT қауымдастығының қазіргі және бұрынғы төрағалары — Recep Günay мен Mustafa Uslucan, сондай-ақ белсенді мүшелері Abdulminap Ôzdemir, İshak Zafer және Orhan Cantez қатысты.
Сұхбат барысында диаспорада қалыптасқан жағдай жөнінде ашық әрі еркін пікір алмасу өтті. Тараптар түрлі көзқарастар мен ұстанымдарға қарамастан, ортақ мақсат жолында өзара түсіністік пен сенімнің маңыздылығын атап өтті. Бұл бағыттағы алғашқы қадамдар жасалды.
Әңгіме барысында қазақ диаспорасының игілігі үшін алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеу қажеттілігі нақты айқындалды. Қатысушылар ортақ жобалар мен бастамалар төңірегінде күш біріктіруге дайын екендіктерін білдірді.
Өз тарапынан Елші жиынға қатысқан қандастарға және жалпы диаспораның барлық мүшелеріне шынайы алғыс айтып, олардың бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетуге әрдайым дайын екенін жеткізді.
Бауырмалдық пен өзара құрмет рухы алдағы уақытта да бірлігіміз бен ынтымақтастығымыздың берік негізі бола берсін.