Париж, 2025 жылғы 25 маусым - Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің қолдауымен филология ғылымдарының докторы, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Дүкен Мәсімханұлы бастаған қазақстандық делегация Францияның Ұлттық кітапханасы шығыс қолжазбалар бөлімінің басшысы Лоран Эришемен келіссөздер өткізді.
«Ватикан мен Еуропа елдерінің бірегей материалдары негізінде түркі әлемінің ерте және ортағасырлық тарихы мен мәдениеті» атты ғылыми-зерттеу жобасы аясында тараптар осман, шағатай, татар, түркі және парсы тілдеріндегі сирек қолжазбалар мен архивтік құжаттарды зерттеу мүмкіндіктерін талқылады. Кездесуде географиялық карталар мен отарлық кезеңдегі экспедициялар барысында жиналған материалдарға ерекше қызығушылық білдірілді.
Қазақ делегациясының сапарының басты мақсаты – түркі әлеміне қатысты тарихи дереккөздерді жинау, жүйелеу және салыстырмалы талдау жүргізу арқылы ортақ мұраны ғылыми және мәдени тұрғыда жаңаша зерделеу.
Кездесу барысында Д. Мәсімханұлы Қазақстан Үкіметінің қаулысымен 1996 жылы құрылған және көрнекті шығыстанушы Р.Б. Сүлейменовтің есімімен аталған Шығыстану институтының тарихы мен ғылыми миссиясын таныстырды. Бүгінде аталмыш институт Қазақстандағы шығыстану және түркітану саласындағы жетекші ғылыми орталық болып табылады.
Франция тарапы екіжақты ғылыми ынтымақтастықты дамытуға жоғары қызығушылық білдіріп, қазақстандық ғалымдардың бастамасын қолдайтынын жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен зерттеулер, тәжірибе алмасу және мамандардың академиялық ұтқырлығын қамтитын өзара ынтымақтастық туралы Меморандум әзірлеп, қол қоюға уағдаласты.