«Франция – Қазақстан» достық тобының төрағасы және оның мүшелерімен кездесу туралы

«Франция – Қазақстан» достық тобының төрағасы және оның мүшелерімен кездесу туралы

Париж, 2025 жылғы 24 маусым — Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты тереңдету аясында ФР Ұлттық Ассамблеясы қабырғасында Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлованың «Франция – Қазақстан» достық тобының төрағасы және оның мүшелерімен кездесуі өтті.

Кездесу барысында соңғы жылдары нығайтылған стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілген қазақстан-француз екіжақты ынтымақтастығының барлық негізгі бағыттары бойынша жан-жақты пікір алмасу орын алды.

Достық тобының төрағасы, Францияның бұрынғы экономика министрі Антуан Арман қос ел арасындағы байланыстардың жоғары серпінін құптап, нақты бірқатар жобаларды ілгерілетуге жәрдем көрсетуге дайын екенін білдірді. Достық тобының мүшесі, Франция Еуропа және Сыртқы істер министрлігіндегі сыртқы сауда, экономикалық тартымдылық және шетелдегі француз азаматтары жөніндегі бұрынғы министр-делегаты, сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның бұрынғы тең төрағасы Оливье Бешт өз кезегінде Қазақстанның Франция үшін сенімді әрі берік серіктес, сондай-ақ өңірдегі тұрақтылықтың тірегі және маңызды ойыншысы екенін атап өтті.

Өз кезегінде Елші достық тобының мүшелерін жуырда Қазақстанда өткен Франция министр-делегаты, үкіметаралық комиссияның тең төрағасы Лоран Сен-Мартеннің сапары, Астанада өткен Қазақстан-француз бизнес-форумы және қос ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективалары туралы хабардар етті. Қазақстан дипломаты Францияның біздің ел үшін Еуропадағы негізгі экономикалық серіктес болып табылатынын ерекше атап өтті.