Париж, 2025 жылғы 17 маусым – Қазақстанның Франция мен Монакодағы (қоса атқарушы) Елшілігінің бастамасымен және Монаконың Экономикалық кеңесінің қолдауымен еліміздің инвестициялық және экономикалық әлеуетіне арналған вебинар өтті.
Вебинарға Монаконың іскерлік орта өкілдері болып табылатын шамамен 20 компания қатысты. Қатысушылар арасында Қазақстанның Монакодагы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова, Монаконың Қазақстандағы Елшісі Эвелин Жанта, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Оңтүстік Еуропадағы өкілі Алтынай Мұқанова және Қазақстан кәсіпкерлерінің «Атамекен» ұлттық палатасының Франциядағы өкілі Ғалымжан Дугалов болды.
Өз сөзінде Елші Г.Арыстанқұлова екіжақты ынтымақтастықтың біртіндеп дамып келе жатқанын, сауда айналымының оң серпінін және жоғары деңгейдегі өзара сапарлардың маңыздылығын атап өтті. Биыл Қазақстан мен Монако арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 16 жыл толып отыр. Елші сондай-ақ Қазақстанмен жұмыс істеуге мүдделі компанияларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін растады.
Елші Э.Жанта туризм, инвестиция және құқықтық көмек салаларында қол қойылған келісімдер сынды ынтымақтастықтың негізгі кезеңдері туралы айтып берді. Ол Монаконың «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне белсенді қатысқанын ерекше атап өтіп, «Астана» халықаралық қаржы орталығына жоғары баға берді.
Вебинардың негізгі баяндамашысы ретінде сөз сөйлеген «Kazakh Invest» компаниясының өкілі А.Мұқанова қатысушыларды Қазақстандағы инвестициялық ахуалмен таныстырды. Ол өз сөзінде салықтық жеңілдіктер, арнайы экономикалық аймақтар мен жеке шарттар сияқты мемлекеттік қолдаудың негізгі шараларына егжей-тегжейлі тоқталды. Сонымен қатар, шетелдік инвесторларды барлық кезеңде сүйемелдейтін орталық институт ретінде Kazakh Invest-тің рөлі жайында айтты. Агроөнеркәсіп, жасыл энергетика, газ-химия және көмір-химия, 3D-баспа және шикізатты терең өңдеу салаларындағы нақты мүмкіндіктер таныстырылды.
Іс-шараның екінші бөлімінде Қазақстанда бизнес жүргізудің практикалық аспектілеріне арналған сұрақ-жауап сессиясы өтті. Әсіресе 2025 жылғы 1 маусымнан бастап күшіне енген «инвесторлық виза» бағдарламасы үлкен қызығушылық тудырды. Қатысушылар Қазақстанның инновациялық экожүйесіне, инвестициялық климатты жақсартуға бағытталған жаңа экономикалық және құқықтық реформаларына да қызығушылық танытты.
Іс-шара соңында Монако тарапынан Қазақстанға сапар ұйымдастыруға қызығушылық білдірілді. Бұл бизнес байланыстарды нығайту және елдегі мүмкіндіктермен тікелей танысу жолындағы келесі қадам ретінде ұсынылды.