Қазақстан мен Франция Инвестициялық форум мен Астана халықаралық форумына дайындық мәселелерін талқылады

Қазақстан мен Франция Инвестициялық форум мен Астана халықаралық форумына дайындық мәселелерін талқылады

Париж, 2025 жылғы 21 мамыр – Қазақстан-Франция Үкіметаралық экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның тең төрағалары – Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев және Франция Еуропа және сыртқы істер министрлігінің Сыртқы сауда мәселелері жөніндегі министр-делегаты Лоран Сэн-Мартен бейнеконференция форматында сөйлесті.

Келіссөздерге Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова және Францияның Қазақстандағы Елшісі Сильван Гийоге қатысты.

Тараптар екіжақты сауда-экономикалық стратегиялық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен даму перспективаларын, сондай-ақ мамырдың соңында Астанада өтетін бірқатар іс-шараларға дайындық барысын талқылады. Атап айтқанда, 28 мамырда Франция күні аясында Қазақстан-Франция инвестициялық форумы өтеді, ал 29 мамырда француз делегациясы Астана халықаралық форумына қатысады.

Талқылау барысында француз министрі Қазақстанмен экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдделіліктің жоғары деңгейін растады және Астанаға баратын бизнес-делегацияны өзі басқаратынын хабарлады. Делегация құрамына Alstom, Air Liquide, Airbus, Fives, MND және басқа да жетекші француз компанияларының басшылары мен өкілдері кіреді. Сапар аясында қазақстандық үкімет және іскерлік орта өкілдерімен кездесулер, сондай-ақ форумның негізгі сессияларына қатысу жоспарланған.

Өз кезегінде, қазақстандық министр Франция күні аясында өтетін инвестициялық форумға алғаш рет бірнеше өңірдің әкімдері қатысатынын атап өтті. Бұл қадам өңірлік деңгейде нақты жобаларды ілгерілетуге және француз әріптестерімен тікелей диалогты күшейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Е.Нағаспаев екі ел арасындағы экономикалық өзара іс-қимылдың оң серпінін атап өтті: 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Франция арасындағы тауар айналымы 31%-ға өсіп, 5,5 млрд АҚШ долларына жетті. Министрдің айтуынша, француз компаниялары ірі жобаларды іске асыруға белсенді қатысып, сенімді әрі ұзақ мерзімді әріптес ретінде танылды. Бүгінде Қазақстанда 200-ден астам француз компаниясы табысты жұмыс істеуде, және олардың қызметін кеңейтуге толық дайындық бар.

Тараптар алдағы іс-шаралар екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға қосымша серпін береді және өзара тиімді жаңа бастамаларға жол ашады деген сенім білдірді. Сонымен қатар, форум аясында инвестициялық және өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған екіжақты құжаттарға қол қойылады деп күтілуде.

 

Министр Л.Сэн-Мартен Астана халықаралық форумын ұйымдастыруға сәттілік тілеп, оны Қазақстанның жаһандық диалогты ілгерілетудегі өсіп келе жатқан рөлі мен халықаралық аренадағы сенімді әріптес ретінде орнығуын көрсететін маңызды халықаралық алаң ретінде атап өтті.