Канада Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан таныстырылымы өтті

Канада Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан таныстырылымы өтті

Оттава, 2025 жылғы 9 мамыр – Қазақстан Республикасының Канададағы Елшілігі Канада Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырған Азия мұрасы айы аясында «Night Market» мәдени іс-шарасына қатысты.

Қазақстандық тарап Ұлы Даланың бай көшпелі мұрасын таныстырып, ұлттық мәдени экспонаттарды ұсынды. Іс-шара қонақтары мен ұйымдастырушылары тарапынан зор қызығушылық туғызған дәстүрлі жабдықталған қазақтың киіз үйі, ұлттық киімдер, тағамдар мен музыкалық аспаптар көрсетілді.

Келушілердің ерекше назарын «Kazakhstan: Born Bold» ақпараттық кампаниясы шеңберінде еліміздің туристік әлеуеті туралы таныстырылым аударды. Сонымен қатар Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі, цифрландыру және жасыл экономика салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылып, шетелдік инвесторлар үшін енгізілген арнайы виза туралы бастама да қызығушылық тудырды.

«Қазақстан Елшілігі мен басқа да шетелдік дипломатиялық миссияларға осы іс-шараға белсенді қатысқаны үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Олардың үлесі Night Market-ті шын мәнінде мәдени алуан түрліліктің мерекесіне айналдырды және елдеріміз арасындағы өзара түсіністік пен достық атмосферасын нығайтты», – деді Канада Сыртқы істер министрлігінің өкілі.

Осылайша, Қазақстанның Оттава қаласындағы Night Market шарасына қатысуы Канададағы Азия мұрасы айын мерекелеуге елеулі үлес қосып, екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге тың серпін берді.