Торонто, 2024 жылғы 6 желтоқсан – Қазақстан Елшілігі Онтарио провинциясының Экономикалық даму министрлігімен бірлесіп энергетика, тау-кен металлургия және агроөнеркәсіптік кешендері сияқты экономиканың стратегиялық маңызды секторларында ынтымақтастықты дамытуға арналған іскерлік «дөңгелек үстел» өткізді.
Аталған іс-шара отандық қайта өңдеу саласына инвестициялар тартуға бағытталған «Kazakhstan: Born Bold» ауқымды науқаны аясында ұйымдастырылған.
Іс-шараға Онтарио үкіметі мен Садбери қаласының (провинцияның тау-кен орталығы) өкілдері, сондай-ақ Қазақстанда өзінің қатысуын кеңейтуге мүдделі канадалық компаниялар қатысты.
Өз презентациясында ҚР Канададағы Елшісі Дәулетбек Құсайынов қатысушыларды Қазақстанның инвестициялық және сауда-экономикалық күн тәртібімен таныстырып, Канада провинциясымен өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарына баса назар аударды. Атап айтқанда, еліміздің минералдық ресурстарды, сирек кездесетін металдарды өндіру және қайта өңдеу саласындағы саясаты, сондай-ақ АЭС салу мүмкіндігі бойынша ҚР жоспарлары ерекше қызығушылық тудырды.
Онтарио Экономикалық даму министрлігінің өкілі Эйад Кудси атап өткендей, атом энергетикасы провинцияның электр энергиясына деген қажеттілігінің жартысынан көбін жабады, ал сирек кездесетін металдарды қайта өңдеу өнеркәсіптің маңызды салаларының бірі болып табылады. Осыған байланысты Онтарионың Қазақстандағы өндіру және геологиялық іздестіру саласындағы озық технологияларын пайдалану, сондай-ақ 2025 жылғы наурызда Торонтода өтетін PDAC конференциясы шеңберінде қазақстандық делегациямен пәндік келіссөздер жүргізу ұсынылды.
«Дөңгелек үстел» қорытындысы бойынша тараптар келесі жылдың мамыр айында Астана халықаралық форумына орайластырылуы мүмкін Онтарио провинциясының Қазақстанға 2025 жылы бизнес-миссиясын ұйымдастыру мәселесін пысықтауға келісті.
Анықтама: Онтарио провинциясы Канада экономикасында маңызды орын алады.
Провинция аумағында өндірілетін электр энергиясының шамамен 60% қамтамасыз ететін 18 атом реакторы бар.
Онтарио компаниялары елдің барлық металдары мен минералдарының шамамен 25% өндіреді. Провинция сонымен қатар жүгері, бидай, сүт және ет өнімдерінің ең ірі өндірушісі болып табылады.
Онтарио – АҚШ-тың үшінші ірі сауда серіктесі (2023 жылғы тауар айналымы – 500 млрд. долл. құрады).