Оттава, 2024 жылғы 6 қараша – Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуеті мен еліміздің халықаралық тасымалдау жүйесіндегі рөліне арналған сараптамалық «дөңгелек үстел» өтті.
Іс-шара барысында Канададағы ҚР Елшісі Дәулетбек Құсайынов ҚР Үкіметінің қолданыстағы және жаңа халықаралық көлік маршруттарын/дәліздерін дамыту бойынша негізгі мақсаттары мен міндеттерін, сенімді логистикалық тізбектерді қалыптастыру және тиімді көлік саясатын құру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен қатысушыларды таныстырды.
Азия мен Еуропа елдерін байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік маршрутының (ТХКМ) әлеуетін толыққанды ашудың маңыздылығына ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, канадалық қатысушылардың пікірінше, ТХКМ еліміздің экономикалық дамуында, жүк тасымалдау көлемін кеңейтуде және Орталық Азия, Кавказ бен Түркия елдерінің саудасын арттыруда шешуші рөл атқара алады.
Іс-шараға қатысқан Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) жанындағы ҚР Тұрақты өкілі Тимур Тілегенов қазақстандық авиация саласының қазіргі жай-күйі туралы хабардар етіп, перспективалы инфрақұрылымдық жобаларға, соның ішінде шағын авиацияны дамыту жөніндегі жобаларға ерекше назар аударды.
Қазақстандық жобаларды егжей-тегжейлі талқылау қорытындысы бойынша канадалық бизнес өкілдері ҚР аумағында бірлескен көлік-логистикалық жобаларды іске асыруға қызығушылық танытты және осы саладағы диалогты жалғастыруға келісті.
Канадалық тарап 2025 жылғы мамырда жоспарланған Астана халықаралық форумының жұмысына қатысуға шақырылды.