Тәуелсіз Қазақстанның дипломатиялық қызметінің 30 жылдығына арналған халықаралық конференцияда сыртқы саясаттың тарихи аспектілер мен өзекті мәселелерін талқылады

Тәуелсіз Қазақстанның дипломатиялық қызметінің 30 жылдығына арналған халықаралық конференцияда сыртқы саясаттың тарихи аспектілер мен өзекті мәселелерін талқылады

Нұр-Cұлтан, 2022 жылғы 1 шілде – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының бірлескен ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының қазіргі халықаралық қатынастар жүйесінде» атты халықаралық конференция өтті. Сыртқы саяси ведомство басшылығының, дипломатия ардагерлерінің, мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, ғылыми-зерттеу институттары өкілдерінің қатысуымен өткен іс-шара отандық дипломатиялық қызметтің 30 жылдығына арналған болатын.

1992 жылғы 2 шілдеде ҚР Президентінің Жарлығымен «Сыртқы істер министрлігі туралы» ереже бекітілді. 2007 жылдан бастап бұл күн Қазақстан Республикасының Дипломатиялық қызметі күні ретінде атап өтіледі.

Іс-шараны аша отырып, Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары  Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Президент
Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау жеделхатын оқып берді. Онда отандық дипломатиялық қызметтің 30 жылдығы Жаңа Қазақстанды құрудың бетбұрыс кезеңімен тұспа-тұс келгені атап өтілді. Сыртқы істер министрлігіне еліміздің жаңа кезеңдегі дамуы үшін мүмкіндігінше қолайлы сыртқы ортаны сақтау бойынша зор жауапкершілік жүктеледі.

Президенттің құттықтау хатында «мемлекетіміздің әлемдегі мәртебесін одан әрі асқақтату, сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ақ шетелдегі азаматтарымыздың құқықтары мен мүдделерін қорғау – дипломаттардың басты міндеті»,  деп айтылған.

Сонымен қатар, М. Тілеуберді өз сөзінде отандық дипломатияның негізгі жетістіктерін, оның ішінде мемлекеттік шекараның бүкіл периметрін халықаралық-құқықтық бекемдеуі, ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы және ядролық қаруды таратпаудың халықаралық режимін нығайтуға елеулі үлес қосуы, ЕҚЫҰ-ға тиімді төрағалық етуі және оның тарихи Астана саммитін өткізуі, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын, атап өтті.

Биыл Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінң VII съезін өткізеді, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңестің 6-шы Саммитіне дайындық жүргізеді, сондай-ақ БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің жұмысына қатысады.

«Шетелдік инвестицияларды тарту бойынша экономикалық дипломатия мен мемлекеттік саясатқа ерекше көңіл бөлінеді. 30 жыл ішінде еліміз инвесторлар үшін өңірлік хабқа айналып, ел экономикасына 380 млрд. долл. астам көлемде тікелей шетелдік инвестициялар тартты. 2021 жылдың қорытындысы бойынша шетелдіктердің қатысумен жалпы сомасы 3,67 млрд. долл. құрайтын 6 000-нан астам жұмыс орнын ашатын 44 инвестициялық жоба пайдалануға берілді», – деп атап өтті М. Тілеуберді.

1989-1991 жылдары ҚазКСРО және Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі болған Ақмарал Арыстанбекова 1990 жылғы 25 қазанда мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданғаннан кейінгі кезеңде республикамыздың дербес сыртқы саясатын қалыптастырудың ерекшеліктеріне тоқталды. Оның пікірінше, «тарихи сабақтастықты жалғастыру, жас ұрпақтың тарихқа деген қызығушылығын, патриоттық сезімін және қазақстандық дипломаттардың аға буындарға Отан игілігі үшін сіңірген еңбегі үшін алғыс сезімін тәрбиелеу мақсатында» Қазақстан дипломатиясының мұрасын жүйелі зерделеу маңызды.

Конференцияда сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан, АӨСШК Хатшылығының Атқарушы директоры Қайрат Сарыбай, ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Қайрат Әбдірахманов, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Бағдад Әміреев, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының Бас директоры Ерлан Байдәулет, сондай-ақ беделді қазақстандық тарихшы-ғалымдар мен саясаттанушылар, дипломатия ардагерлері сөз сөйледі.

Женевадағы БҰҰ бөлімшесінің директоры Татьяна Валовая, Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррель, ҚХР Үкіметінің Еуразия істері жөніндегі Арнайы өкілі Ли Хуэй, МГИМО университетінің ректоры Анатолий Торкунов, Түркияның Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары Нуман Куртулмуш, танымал америкалық саясаттанушы Ариэль Коэн өздерінің бейне жолдауларын жіберді. Олардың баяндамаларында Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының мерейтойымен құттықтаулар айтылып, қазақстандық дипломатия мектебіне жоғары баға берілді.