Канадада Қазақстан Тәуелсіздігінің 29 жылдығы атап өтілді

Канадада Қазақстан Тәуелсіздігінің 29 жылдығы атап өтілді

Оттава, 2020 жылғы 16 желтоқсан – Қазақстанның Тәуелсіздік күніне орай Канададағы Қазақстан Елшілігі Оттава қаласы мэриясының қолдауымен Оттава қаласында Қазақстан туының салтанатты көтерілу рәсімін ұйымдастырды. Қазақстанның туы Канаданың іскерлік астанасы - Торонто қаласында да көкке көтерілді.

Рәсім барысында Оттава қаласы мэрінің орынбасары Лаура Дудас сөз сөйледі, ол екі ел мен халықтар арасындағы берік мәдени байланыстарға назар аударды. «Канадада тұратын қазақтар көпұлтты канадалық қоғамның маңызды бөлігі болып табылады және біздің ортақ құндылықтарымыз бен қағидаттарымызды бөліседі. Біз олардың үлесін жоғары бағалаймыз және Канададағы да, Қазақстандағы да барлық қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтағымыз келеді және сіздің еліңізге гүлдену, бақыт пен тұрақты болашақ тілегіміз келеді», - деді Л.Дудас.

Сол күні Елшілік Қазақстан Тәуелсіздігінің 29 жылдығына орай салтанатты онлайн қабылдау ұйымдастырды. Виртуалды форматта өткен іс-шараға Канада СІМ басшылығы, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, іскер топтардың өкілдері, көрнекті қоғам және ғылыми қайраткерлер мен Канададағы қазақстандық диаспораның мүшелері қатысты.

Рәсімді Қазақстанның Канададағы Елшісі Ақылбек Камалдинов ашты.
Өз сөзінде Елші Қазақстан мен Канада арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін ерекше атап өтті. «2018 жылы Канаданың Генерал-губернаторы Дж.Пайеттің Қазақстанға алғашқы сапары және осы жылы Президент Қ.Тоқаевтың Канаданың Премьер-министрі Дж.Трюдомен Мюнхенде кездесуі екі елдің қарым-қатынастарына мықты серпін берді. Парламентаралық байланыстар дамуда. Осы жылдың қараша айында Қазақстан-Канада Іскерлік кеңесінің 4-ші отырысы өтті, оның қорытындысы бойынша қатысушылар қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру жөніндегі Жол картасын қабылдауға келісті. Тәуелсіздік күнінің 29 жылдығына орай біз Канадада қазақ мәдениеті мен қазақстандықтардың орталығын аштық. Пандемиядан біздің барлық іс-шараларымыз алғаш рет онлайн форматта өткізілді", - деп атап өтті Елші.

Қазақстандық дипломат Қазақстан үшін Тәуелсіздік жоғары құндылық болып табылатынын және зайырлы идеология, басқарудың біртұтас нысаны, демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет сияқты негіз қалаушы қағидаттар еліміздің Конституциясында бекітілгенін атап өтті. Елші А.Камалдинов қатысушыларды Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалар туралы хабардар етті, сондай-ақ 2021 жылғы қаңтардағы парламенттік сайлауға дайындық туралы айтты.

Елшіліктің виртуалды қабылдауының негізгі қонағы Канада СІМ Парламенттік хатшысы (министрдің орынбасары дәрежесінде) Роберт Олифант болды. Канада сыртқы саяси ведомствосының жоғары өкілі Қазақстан мен Канада арасында қалыптасқан ерекше достық қатынастарды атап өтті. «Канада 29 жыл бұрын Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы елдердің қатарында болды. Бүгінде Қазақстан Орталық Азиядағы ең жақын серіктесіміз.

Биылғы жылы біз жоғары деңгейде кездесулер мен іс-шаралар өткіздік, барлық бағыттар – саяси, сауда-экономикалық және өзара мүдделілік туғызатын басқа да мәселелер бойынша ынтымақтастықты талқыладық. Осы жылы біздің БҰҰ мен ЕҚЫҰ-ның көпжақты алаңдарындағы өзара іс-қимылымыз нығая түсті. Біздің елдеріміз халықаралық әріптестікті одан әрі нығайтуға мүдделі. Қазақстан-Канада Іскерлік кеңесінің 4-ші отырысы үлкен жетістікпен аяқталды және біз Қазақстанмен сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға мүдделіміз.

Республиканың барлық азаматтарының әл-ауқатын жақсарту, мемлекеттік басқаруды жетілдіру, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ адам құқықтарын, атап айтқанда әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі Қазақстанның өршіл күн тәртібі біздің елдерге көрсетілген басым бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейту үшін үлкен мүмкіндіктер береді», - деді Р.Олифант.

Ашылу салтанатында Қазақстан-Канада Іскерлік кеңесінің тең төрағасы, «Cameco Corporation» президенті Тим Гитцель сөз сөйледі, ол ағымдағы жылы Канаданың Саскачеван провинциясындағы Қазақстанның Құрметті консулы болып тағайындалды. Өз сөзінде Т.Гитцель Қазақстанға деген жылы көзқарасы туралы айтты. «Қазақстан мен үшін ерекше орын алады - әрине, бизнеске қатысты, сонымен қатар жеке жоспарда да. Менің елмен және Қазақстанның әдемі адамдарымен қарым-қатынасым 25 жылдан асады. Содан бері «Cameco» компаниясы біздің қазақстандық серіктесіміз – «Қазатомөнеркәсіп» компаниясымен әзірленіп жатқан уран кеніші Инкай бірлескен кәсіпорны арқылы Қазақстанға жарты миллиард доллардан астам инвестиция салды. Мен Қазақстанның соңғы бірнеше онжылдықтардағы прогресін үлкен қызығушылықпен бақылап отырмын, таяуда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 33-ші пленарлық отырысына қатысу құрметіне ие болдым. Қазақстан Президенті әлемдік экономикаға қатысуды күшейту бойынша елімізде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты».

«Президент Қ.Тоқаевтың басшылығымен еліміз технологиялық, Әлеуметтік және басқа да жетістіктер есебінен Еуразиялық кеңістікте одан әрі ілгерілеуге ұмтылады. Басымдықтар цифрландыру және жасанды интеллект, мұнай және газ, табиғи ресурстар, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, көлік сияқты негізгі бағыттарды қамтиды, сондай-ақ, осы жылдың қараша айында өткен Қазақстан-Канада Іскерлік кеңесінің 4-ші отырысының жұмыс топтарында талқыланды».

«Президент Қ.Тоқаевтың айтқандарының көп бөлігі Қазақстанның әлемдік компаниялармен және басқа елдермен қарым-қатынасын орнатуға бағытталған. Осыған байланысты, Қазақстан мен Канада арасындағы қарым-қатынас басқа елдерге үлгі бола алады», - деп атап өтті Т.Гитцель.

Қазақстандықтарды Канаданың Қазақстандағы, Қырғызстандағы және Тәжікстандағы бұрынғы Елшісі, Карлтон университетінің аға ғылыми қызметкері Маргарет Скок құттықтады. Ол өзі куә болған жас республиканың маңызды даму кезеңдерін атап өтті. «Жаңа халықаралық серіктестік, көпжақты ұйымдарға мүшелік, экономикалық және әлеуметтік реформалар және жастардың шетелде білім алу мүмкіндіктері - бұл айтарлықтай прогресс. Жеке өзім институционалды және әлеуметтік реформалар өте тез алға жылжыды деп санаймын. Бәрінен бұрын мені ауылдық және қалалық аудандарды дамытуға, мықты орта тапты құруға және ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібін, тау-кен өнеркәсібі мен энергетиканы, сондай-ақ машина жасаудан бастап денсаулық сақтау, сәулет, заң қызметтеріне дейінгі түрлі салаларды нығайтуға бағытталған күш-жігер таң қалдырды».

Құрметті канадалық дипломат Қазақстанның ядролық қаруды таратпауды ерте және берік ұстанатынын, сондай-ақ Қазақстан Жеке құрамға қарсы жер үсті миналарын қолдануға тыйым салу туралы Оттава конвенциясына қол қойғанын еске салды. М.Скок біздің еліміздегі реформалардың жалғасуын қолдап, олар Канада мен Қазақстанның әріптестік қарым-қатынастарының дамуына оң әсер тигізетінін білдірді. «Дәл осы жүргізіліп жатқан реформа екі елдің әріптестігін дамытуға ықпал етіп, Қазақстан халқына пайда әкеледі», - деп атап өтті М.Скок.

Салтанатты онлайн-қабылдау барысында қатысушыларға Астана Операның орындауындағы «Абай» операсынан және «Щелкунчик» балетінен үзінділер, Қазақ домбырашысы Қыранбек Алтанұлының асқан шеберлікпен орындаған халық музыкалық туындылары ұсынылды. Сондай-ақ, қонақтар біздің республикамыздың инвестициялық және туристік мүмкіндіктерімен танысты. Канадада Қазақстан Тәуелсіздігінің 29 жылдығын мерекелеуге арнайы ұйымдастырылған салтанатты іс-шара соңында қатысушылар  осыған дейін 15 желтоқсанда Ниагара сарқырамасында өткен еліміздің көк байрағының түстерімен жарықтандырылу көрінісін тамашалаумен аяқталды.