
Торонто қ., 2026 жылғы 1 наурыз – Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі И.Шархан бастаған қазақстандық делегация Канаданың Іздеушілер мен кен өндірушілер қауымдастығының ең ірі халықаралық конференциясы – PDAC 2026-ға қатысты.
Конференция аясында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қазақстанның тау-кен палатасымен және Aurora Minerals Group Limited компаниясымен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Канададағы Елшілігінің қолдауымен геологиялық барлау саласындағы Қазақстанның әлеуетіне арналған «Kazakhstan Day» халықаралық форумын ұйымдастырды.
Форум жұмысына Zijin Mining Group, B2Gold, First Quantum Minerals, Hatch, Arras Minerals, Xcalibur Smart Mapping және басқа да жетекші халықаралық және канадалық компаниялардың өкілдері қатысты.
«Kazakhstan Day» форумында сөз сөйлеген вице-министр И.Шархан Қазақстан Республикасының Үкіметі ел аумағының геологиялық зерттелу деңгейін арттыруға ерекше мән беретінін атап өтті. Алдағы үш жыл ішінде геологиялық барлау жұмыстарына шамамен 500 млн АҚШ долларын бағыттау жоспарланып отыр, бұл мемлекет тарапынан алдыңғы отыз жыл ішінде геологиялық барлауға салынған жиынтық инвестициялар көлемінен асып түседі. Оның айтуынша, геологиялық барлау базасын жүйелі түрде кеңейту және жаңа барлау аумақтарын ашу инвестициялар тарту мен тау-кен металлургия секторындағы халықаралық ынтымақтастықты тереңдету үшін сапалы жаңа жағдайлар қалыптастырады.
Сондай-ақ іс-шара барысында қатысушыларға 2024-2025 жылдары Қазақстан Республикасында жасалған негізгі геологиялық ашылымдарға шолу және шетелдік серіктестермен бірлесіп іске асырылған жобалардың табысты тәжірибесі ұсынылды.
Сол күні қазақстандық делегацияның басшысы Қазақстанда жаңа жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытқан канадалық және халықаралық тау-кен компанияларының басшылығымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Тараптар стратегиялық минералдар саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, барлау мен өндірудің заманауи технологияларын енгізу, сондай-ақ қазақстандық шикізатты қайта өңдеу жобаларын бірлесіп іске асыру мәселелерін талқылады.
Қазақстанның PDAC-2026 конференциясына қатысуы халықаралық бизнестің елдің ресурстық әлеуетіне деген тұрақты қызығушылығын растады және тау-кен металлургия кешені саласында канадалық және жаһандық инвесторлармен әріптестікті кеңейтуге дайын екенін көрсетті.