Квебек Қазақстан өңірлерімен әріптестік орнатуға мүдделілік білдірді

Квебек Қазақстан өңірлерімен әріптестік орнатуға мүдделілік білдірді

Квебек-Сити, Монреаль ққ., 2025 жылғы 3-4 желтоқсан – Квебек билігінің шақыруы бойынша Қазақстанның Канададағы Елшісі Дәулетбек Құсайынов франкофонды канадалық провинцияға ресми сапар жасады. Сапар бағдарламасына Квебек Үкіметі мен Парламенті басшылығымен, іскер топтар өкілдерімен, ғылыми-білім беру және мәдени мекемелермен кездесулер кірді.

Квебек Лейтенант-губернаторы Манон Жанноттпен (британ монархының өкілі) өткен кездесуде тараптар экономикалық, мәдени және білім беру салаларындағы әріптестікті дамытуға өзара бейілдігін растады. М.Жаннотт Қазақстанның аграрлық және индустриялық өңірлерін өңіраралық байланыстарды дамыту үшін перспективалы серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.

Квебек-Ситиде қазақстандық дипломат провинция Парламентінің Вице-спикері Ф.Бенжаминмен, халықаралық қатынастар және франкофония министрі К.Скити және білім министрі М.Биронмен, сондай-ақ Солтүстік Американың тарихы бай ЖОО бірі – Лаваль университетінің басшылығымен кездесті.

Ресми сапардың екінші күні Квебекте орналасқан халықаралық ұйымдар өкілдерімен кездесулерге, сондай-ақ провинцияның ең ірі қаласы Монреальдағы инвестициялық-экономикалық келіссөздерге арналды.

Атап айтқанда, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) өкілдерімен ұйым Президентінің Қазақстанға жақында жасаған сапарының қорытындылары және спортты дамытуға қосқан еліміздің үлесі талқыланды. Монреальдың іскер топтарымен кездесулер барысында Д.Құсайынов Қазақстан мен Квебек провинциясы арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын таныстырды. Атап айтқанда, тау-кен, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, энергетика және туризм салаларындағы өзара қызығушылық тудыратын мүмкіндіктер ұсынылды.

Жалпы, Квебек провинциясындағы келіссөздер тараптардың экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделілігін растап, алдағы бірлескен жұмыстың нақты бағыттарын айқындады.

Анықтама: Квебек – Канададағы аумағы ең үлкен және халқы бойынша екінші (9 млн-нан аса тұрғын) провинция. Квебек экономикасы ел бойынша көлемі жағынан екінші болып, ЖІӨ-нің шамамен 20% қалыптастырады. Провинцияда өнеркәсіп жақсы дамыған, соның ішінде аэроғарыш саласы, металлургия, фармацевтика, бағдарламалық қамтамасыз ету және телекоммуникациялар.