Саскатун, 2025 жылғы 6-7 қараша – Қазақстан Республикасының Канададағы Елшісі Д.Құсайынов Саскачеван провинциясының Саскатун қаласына жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында Елші BHP компаниясы мен Saskatchewan Industrial and Mining Suppliers Association (SIMSA) бірлесіп ұйымдастырған дөңгелек үстелге қатысты. Кездесуде ол Қазақстанның тау-кен өнеркәсібін дамыту бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы егжей-тегжейлі айтып, Саскачеван іскер топтарын елдің инвестициялық мүмкіндіктерімен танысу үшін Қазақстанға келуге шақырды.
Cameco Corporation компаниясының Бас атқарушы директоры Т.Гитцельмен өткен кездесу барысында тараптар уран өндіру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту және канадалық компанияның Қазақстанның энергетика саласын дамытуға қатысу мүмкіндіктерін талқылады.
Қазақстандық дипломат сондай-ақ Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі жаһандық институтқа (Global Institute for Food Security) барып, ұйым басшылығымен екіжақты кездесу өткізді. Әңгіме барысында жаһандық және өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары қарастырылды.
Сапар қорытындысы бойынша Қазақстан мен Саскачеван провинциясы арасында стратегиялық маңызды салаларда практикалық ынтымақтастықты жалғастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.