Оттава, 2025 жылғы 27 тамыз – Канада Сенаты ғимаратында Қазақстан Республикасының Елшілігі ұйымдастырған «Kazakhstan-Canada Nuclear Dialogue» атты дөңгелек үстел гибридті форматта өтті. Іс-шара Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне орайластырылды.
Дөңгелек үстел жұмысына екі елдің сараптамалық орталықтары және іскер топтарының, сондай-ақ Сыртқы істер министрлігі, Парламентінің өкілдері қатысты.
Негізгі спикерлер қатарында Олбани университетінің Саяси зерттеулер орталығының аға ғылыми қызметкері Тоғжан Қасенова, Ридо институтының президенті Пегги Мейсон, Қазақстан Ядролық физика институтының Стратегия және тұрақты даму департаментінің басшысы Әділжан Серіков, сондай-ақ Канада Ядролық мұраны сақтау қоғамының президенті Морган Браун болды.
Іс-шараны ашқан Қазақстанның Канададағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Д.Кұсайынов еліміздің жаһандық ядролық қаруды таратпау, қарусыздану және жаппай қырып-жою қаруына қарсы күрес режимін нығайтудағы басты рөлін атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстанның бейбіт атом саласындағы саясаты және еліміздің ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған үш АЭС салу жоспары туралы ақпарат берді.
Қатысушылар ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға, тәжірибе алмасуға және ядролық қауіпсіздіктің жоғары стандарттарын енгізуге ерекше көңіл бөлді. Қазақстан ядролық саласын дамытуға озық канадалық технологияларды енгізу мен бірлескен жобаларды жүзеге асырудың зор әлеуеті аталып өтті. Осы тұрғыда «Cameco» компаниясымен Қазақстанның көпжылдық серіктестігі уран өндіру және тау-кен өнеркәсібіндегі табысты өзара іс-қимылдың үлгісі ретінде жоғары бағаланды.
Іс-шараның соңында қатысушылар Қазақстанның ядролық бастамаларын тағы да қолдап, бейбіт атом саласында екі мемлекеттің ынтымақтастығын одан әрі ілгерілету ниеттерін білдірді.