«Отандастар қоры» КеАҚ Шетелдегі отандастарды ақпараттық қолдау орталығының WhatsApp және Telegram мессенджерлеріндегі байланыс нөмірі ауысты.
ЖАҢА НӨМІР: +7 708 903 8217
Бұл нөмір арқылы сіз енді WhatsApp пен Telegram мессенджерлері арқылы бізбен байланыса аласыз.
Сонымен қатар
1404 - барлық қазақстандық мобильді операторлар үшін тегін
8 800 080 1404 - Қазақстан бойынша қалалық нөмірлерден қоңырау шалу тегін
+7 (7172) 98 1404 - халықаралық қоңыраулар оператор тарифімен
komek@oq.gov.kz - электрондық пошта арқылы да хабарласа аласыз
Толық ақпарат:
oq.gov.kz | erulik.kz | qazalem.gov.kz
Instagram: @otandastar_qory
2025 жылғы 21 шілде – Қазақстан Республикасының Канададағы Елшілігі Бейбітшілік пен дипломатия институтымен (Institute for Peace and Diplomacy, IPD) бірлесіп, Қазақстан мен Канада арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларына арналған вебинар-брифинг өткізді.
Іс-шара Канада делегацияларының 2025 жылғы 29-30 мамырда өткен Астана халықаралық форумына және 4-5 маусымда өткен Халықаралық тау-кен металлургия конгресіне қатысу сапарларының қорытындысы бойынша ұйымдастырылды.
Вебинарға Канада Парламентінің депутаттары, федералдық және провинциялық билік өкілдері, іскерлік және академиялық орта мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Қазақстанның Елшісі Дәулетбек Құсайынов пен Канаданың Елшісі Кристофер Дагган өз сөздерінде энергетика, тау-кен металлургия кешені және агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың оң динамикасын атап өтті. Сонымен қатар, олар Орталық Азия аймағында канадалық бизнестің өсіп келе жатқан қатысуын қолдау үшін саяси диалогты тереңдетудің маңыздылығын ерекше атап көрсетті.
Осы орайда, «Maqsut Narikbayev University» өкілі Мирас Жиенбаев Қазақстан сыртқы саясатының эволюциясына және қазіргі геосаяси жағдайда Астана мен Оттава арасындағы саяси өзара іс-қимылдың мүмкін бағыттарына өз көзқарасын білдірді.
Өз кезегінде Бейбітшілік пен дипломатия институтының басшысы Юнес Зангиабади Астанада өткен іс-шаралардың маңыздылығына тоқталды, ал Онтарио провинциясындағы Садбери қаласының әкімдігінің өкілі Елена Зубудская канадалық бизнестің Қазақстандағы тау-кен Конгресіне қатысуы және форум алаңында қол жеткізілген уағдаластықтар туралы хабардар етті.
«Arras Minerals» компаниясының президенті Даррен Клинк Қазақстанда бизнес жүргізу тәжірибесімен бөлісіп, шетелдік инвесторлардың еліміздегі қатысуын кеңейту үшін қолайлы жағдайлар бар екенін атап өтті.
Жалпы, бұл іс-шара Қазақстан мен Канада арасындағы іскерлік өзара іс-қимылдың практикалық қырларын талқылауға мүмкіндік беріп, екі елдің перспективалы салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға өзара мүдделілігін тағы бір мәрте растады.
Астана, 2025 жылғы 2-5 маусым – Қазақстан Республикасының Канададағы Елшілігінің қолдауымен Канаданың тау-кен өндірісі саласындағы жетекші компанияларының өкілдерінен құралған канадалық бизнес-миссияның Қазақстанға сапары ұйымдастырылды. Бұл сапар Астанада өткен 15-ші Халықаралық металлургтер конгресіне қатысу шеңберінде ұйымдастырылды.
Сапар шеңберінде, 3 маусым күні делегация мүшелері «Қазақмыс» компаниялар тобының өндірістік нысандарына, оның ішінде Нұрқазған кен-байыту комбинаты мен жерасты шахтасы барды, барды. Канадалық өкілдер өндірістік процестермен және инфрақұрылыммен тікелей танысып, қазақстандық әріптестерімен технологиялық даму және өндірістік қауіпсіздік мәселелері бойынша пікір алмасты.
Конгресс аясында 4 маусым күні «Жаңа технологиялар, тәжірибе және заманауи шешімдер – барлығы бір жерде: Канададан Қазақстанның тау-кен өнеркәсібіне арналған үздік шешімдер» атты арнайы панельдік сессия өтті. Сессия қазақстандық тау-кен компанияларының, мемлекеттік құрылымдардың, халықаралық құрылымдар мен салалық қауымдастықтардың өкілдері тарапынан үлкен қызығушылыққа ие болды. Іс-шара барысында Канадада әзірленген технологияларды өндіріске енгізудің табысты мысалдары ұсынылып, шешімдерді жергілікті деңгейде бейімдеу және бірлескен жобаларды іске асырудың болашағы талқыланды.
Канадалық делегацияның бұл сапары халықаралық іскерлік қауымдастықтың қарқынды дамып келе жатқан, қолайлы инвестициялық климатқа ие және жер қойнауын пайдалану саласында технологиялық жаңғыртуға мықты әлеуеті бар Қазақстан нарығына деген қызығушылығының артып келе жатқанын тағы да дәлелдеді.
Астана, 2025 жылғы 28 мамыр – Кездесуде геологиялық барлау, кен игеру және металл өңдеу салаларындағы ынтымақтастық перспективасы талқыланды.
Президентке Қазақстандағы Шу-Сарысу мыс бассейнінде ауқымды геологиялық барлау жұмыстарының басталғаны жөнінде мәлімет берілді. Ivanhoe Mines компаниясы бұған дейін аталған учаскедегі қазба байлықтарын зерттеуге 18,7 миллион доллар бөлгенін және инвестиция көлемін 4 жылда 115 миллион долларға дейін ұлғайтуға ниетті екенін хабарлаған еді.
Роберт Фридланд бұл жобаны жүзеге асыру барысында озық аэрогеофизикалық технологиялар мен мәліметтердің цифрлық талдауын пайдалану жоспарланып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстанның мыс игеру тарихындағы ең ауқымды жобаны іске асыру әлемдегі осы руданы өңдеу ісінде жаңа перспективаға жол ашады.
Оттава, 2025 жылғы 9 мамыр – Қазақстан Республикасының Канададағы Елшілігі Канада Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырған Азия мұрасы айы аясында «Night Market» мәдени іс-шарасына қатысты.
Қазақстандық тарап Ұлы Даланың бай көшпелі мұрасын таныстырып, ұлттық мәдени экспонаттарды ұсынды. Іс-шара қонақтары мен ұйымдастырушылары тарапынан зор қызығушылық туғызған дәстүрлі жабдықталған қазақтың киіз үйі, ұлттық киімдер, тағамдар мен музыкалық аспаптар көрсетілді.
Келушілердің ерекше назарын «Kazakhstan: Born Bold» ақпараттық кампаниясы шеңберінде еліміздің туристік әлеуеті туралы таныстырылым аударды. Сонымен қатар Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі, цифрландыру және жасыл экономика салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылып, шетелдік инвесторлар үшін енгізілген арнайы виза туралы бастама да қызығушылық тудырды.
«Қазақстан Елшілігі мен басқа да шетелдік дипломатиялық миссияларға осы іс-шараға белсенді қатысқаны үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Олардың үлесі Night Market-ті шын мәнінде мәдени алуан түрліліктің мерекесіне айналдырды және елдеріміз арасындағы өзара түсіністік пен достық атмосферасын нығайтты», – деді Канада Сыртқы істер министрлігінің өкілі.
Осылайша, Қазақстанның Оттава қаласындағы Night Market шарасына қатысуы Канададағы Азия мұрасы айын мерекелеуге елеулі үлес қосып, екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге тың серпін берді.
Астана, 2025 жылғы 30 сәуір – Қазақстан Республикасы халықаралық бизнеске жақындай түсу жолында тағы бір маңызды қадам жасады. ҚР Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және ұзақ мерзімді іскерлік серіктестікті қолдауға бағытталған инвесторлық визаны алу қағидалары бекітілді.
Жаңа талаптарға сәйкес Қазақстан компанияларының жарғылық капиталына немесе отандық бағалы қағаздарға кемінде 300 000 АҚШ доллары көлемінде инвестиция салған шетел азаматтары инвесторлық визаны ресімдеу үшін электронды өтініш бере алады. Бұл «алтын виза» Қазақстанда 10 жылға дейін тұруға рұқсат алу мүмкіндігін көздейді.
Мұндай визалық бағдарламалар халықаралық тәжірибеде (соның ішінде Еуропа елдері, АҚШ, БАӘ және Сингапурда) кеңінен қолданылып, капитал, технология мен іскерлік белсенділікті тартудың нәтижелі құралы ретінде өз тиімділігін дәлелдеді. Қазақстан осы тәжірибеге қосылып, инвестициялық резиденттіктің өзіндік моделін ұсынады.
«Алтын визалар» шетелдік инвесторлар үшін қолайлы әрі болжамды орта қалыптастырып, заңды кепілдіктер беруге және елдің инвестициялық ахуалына сенімді нығайтуға бағытталған. Бұл жаңа бастама елдің ашықтыққа, капиталды қорғауға және тұрақты халықаралық экономикалық байланыстарды дамытуға бағытталған стратегиялық бағдарын көрсетеді.
Құжат ресми жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң өз күшіне енеді. Құжаттың толық мәтіні келесі сілтеме арқылы қолжетімді: https://zan.gov.kz/client/#!/doc/209576/kaz
2025 жылғы 29-30 мамырда Қазақстанның астанасында әлемдік көшбасшыларды, сарапшыларды, инвесторлар мен бизнес өкілдерін біріктіретін аймақтағы ең ірі іскерлік оқиға – Астана халықаралық форумы (AIF2025) өткізіледі. Форум бағдарламасы қазіргі заманның негізгі сын-қатерлерін қамтыған пленарлық сессия мен 25 пікірталас алаңынан тұрады. Әлемнің түкпір-түкпірінен 600-ге жуық шетелдік қонақ қатыспақ. Олардың арасында жетекші саясаткерлер, халықаралық ұйым, корпорация басшылары, инвесторлар мен ғылыми топ өкілдері бар. AIF2025-ке қатысуды растағандар:
Поль Кагаме – Руанда Республикасының Президенті;
Эди Рама – Албания Премьер-министрі;
Андрей Пленкович – Хорватия Республикасының Премьер-министрі;
Мухаммед бин Абдулрахман Аль-Тани – Премьер-министр-Катар Сыртқы істер министрі;
Пан Ги Мун – БҰҰ 8-Бас хатшысы, Green Global Growth Institute төрағасы, «Boao Forum for Asia» директорлар кеңесінің төрағасы;
Ален Берсе – Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы;
Цюй Дунъюй – БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры (FAO)
Эми Поуп – Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның бас директоры (IОМ);
Матиас Корманн – ЭЫДҰ бас хатшысы;
Дарен Танг – Зияткерлік меншік жөніндегі дүниежүзілік ұйымның бас директоры;
Антонелла Бассани – Еуропа және Орталық Азия аймағы бойынша дүниежүзілік банктің вице-президенті;
Хаолян Сюй – БҰҰ бас хатшысының орынбасары және Даму бағдарламасы әкімшісінің орынбасары;
Цзинь Лицюнь – Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің (АИИБ) президенті және директорлар кеңесінің төрағасы;
Юрген Ригтеринк – ЕҚДБ бірінші Вице-президенті;
Кубанычбек Омуралиев – Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы;
Себастьян Курц – Австрияның 26-Федералдық канцлері.
Пікірталастардың негізгі тақырыбы
2025 жылы AIF жаһандық күн тәртібіндегі негізгі үш бағытқа назар аударады:
Сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік
Энергетика және климаттың өзгеруі
Экономика және қаржы
Форум инвестиция мен халықаралық ынтымақтастық драйвері ретінде
Астана халықаралық форумы 2025 инвестиция үшін жаһандық бәсекелестік дәуірінде өткізіліп, Қазақстанның әлемге ашықтығын көрсетеді. Біздің еліміз ірі әлемдік корпорациялар мен қаржы институттарының назарын аудара отырып, Орталық Азиядағы өз позициясын нығайта түсуде. Ауқымды реформалар, заңнаманы жаңғырту мен инвестициялық ахуалды жақсарту елдің дамуына және оның экономикалық мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді. Форумның міндеті – ашық диалог пен шетелдік капитал тартудың, стратегиялық келісімдер жасасу мен экономикалық дамуға арналған бастамаларды ілгерілету үшін маңызды платформа болу.
AIF2025 қарсаңында Қазақстанның негізгі әріптестерімен экономикалық байланыстарды нығайтуға арналған бірқатар бизнес-форумдар жоспарлануда:
Қазахстан-Франция бизнес-форумы (2025 жылғы 28 мамыр);
Қазахстан-Италия бизнес-форумы (2025 жылғы 28 мамыр).
Бұл іс-шаралар халықаралық ынтымақтастық, технология алмасу және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жаңа мүмкіндік бермек.
Монреаль, 2025 жылғы 23 наурыз – Қазақстан Республикасының Канададағы Елшілігінің, Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (бұдан әрі – ИКАО) жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігінің және Монреаль қазақтарының «Достар» қауымдастығының ықпалдасуымен Наурыз мейрамы тойланды.
Іс-шараға ИКАО жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов, ИКАО жанындағы ҚР-дың Тұрақты өкілдігі мен ҚР Оттавадағы Елшілігінің қызметкерлері, Монреальде тұрақты тұратын қазақстандықтар, студенттер, Канададағы қазақ, әзербайжан, тәжік пен өзбек диаспораларының өкілдері және биылғы 10 жылдығын тойлайтын «Достар» қауымдастығының достары қатысты.
Канаданың Квебек, Оттава, Торонто және басқа да провинцияларында тұратын қазақтар Наурыз мейрамын тойлау үшін Монреальге арнайы келген.
ИКАО жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі өз сөзінде барша жұртшылықты Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамымен құттықтап, оның қазақ халқы үшін маңызы мен еліміздегі мерекелеу дәстүрлері туралы айтты.
Іс-шара барысында «Достар» қазақ қауымдастығының мүшелері мен Монреальдегі әзербайжан және өзбек диаспораларының өкілдері сөз сөйледі.
Мереке аясында қонақтар қазақтың ұлттық тағамдары – Наурыз көже, бесбармақ, қуырдақ, палау, сондай-ақ тәттілерден дәм татып, түрлі байқаулар мен додаларға, соның ішінде арқан тарту, қамырды орау, балаларға арналған бәйге мен «Наурыздың ең дәмді тағамы» атты ойындарына қатысты.
Қазақ диаспорасының Канададағы өкілдері де қонақтарға қазақтың ұлттық билері – Қамажай мен Қара жорғаны көрсетті.
Іс-шараның соңында іс-шараның қонақтары мен қатысушылары Қазақстан халқын Наурыз мерекесімен бәрі бірге құттықтады.
Бұл Наурыз мерекесі Квебек провинциясында 2020 жылдан бері алғаш рет тойланғанын ерекше атап өту қажет.
Торонто қ., 2025 ж. 2 наурыз – Канаданың кеншілер мен барлаушылар қауымдастығының ең ірі халықаралық көрмесі – PDAC 2025 басталды.
Іс-шара аясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан, АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров, Қазақстанның Канададағы Елшісі Дәулетбек Құсайынов, PDAC вице-президенті Карен Рис Қазақстанның геологиялық әлеуетін көрсететін ұлттық павильонның ашылу рәсімін өткізді.
Бірінші күннің маңызды шарасының бірі «Meet Kazakhstan: The Power of Geology in the Ninth Largest Nation» халықаралық форумы болды. Вице-министр 1-сессияда сөз сөйледі.
«Қазақстанның тарихи мұрасы мен геологиялық барлау мен өндірудің дәстүрлері, бай табиғи ресурстары, оның ішінде литий, ниобий және тантал сияқты сирек металдардың әлеуетті кен орындары бар. Біз жергілікті және халықаралық серіктестермен инвестиция және ынтымақтастық үшін қолайлы жағдайлар жасауға ұмтыламыз. Осы саланы дамыту аясында біз барлау мен өндірудің жаңа технологияларын белсенді түрде тартудамыз және геологиялық барлау, пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу аясындағы қоршаған ортаны қорғау мәселелері де біздің басымдылығымыз екенін атап өткім келеді», – атап өтті Иран Шархан.
Спикерлер құрамына Канаданың Жер және минералдық ресурстар министрінің орынбасары Риналдо Жанти, «Neo Performance Materials» корпоративтік даму жөніндегі вице-президенті Василейос Цианос, «HATCH» минералдар жөніндегі директоры Конрад Блейк, Еуропалық комиссиядағы делегация басшысының орынбасары Мадалина Иваника сияқты тау-кен металлургия саласындағы жетекші халықаралық сарапшылар бар.
Сол күні тау-кен саласындағы қаржылық мүмкіндіктер тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара ҚР Канададағы Елшілігі мен Wood Mackenzie-дің ұйымдастырылуымен халықаралық қаржы институттарының, инвестициялық банктердің және жеке сектордың өкілдерін жинады. Ашылу салтанатында АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров сөз сөйлеп, қатысушыларды Орталықтың қызметімен таныстырды.
PDAC 2025 көрмесі 5 наурызға дейін жалғасты, оның барысында қазақстандық делегация серіктестермен және жетекші тау-кен компанияларының өкілдерімен белсенді кездесулер өткізді.
Дереккөз: ҚР ӨҚМ
Садбери, 2025 жылғы 13-14 ақпан — Қазақстан Республикасының Канададағы Елшісі Дәулетбек Құсайынов Солтүстік Онтарионың негізгі және ірі қаласы — Садбериге жұмыс сапарымен барды.
13 ақпанда қазақстандық дипломат қала мэрі Пол Лефебврмен кездесіп, тау-кен өнеркәсібі, қала құрылысы және жоғары технологияларды дамыту салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Экономикалық даму басқармасында Қазақстан Елшісі қатысушыларды Қазақстандағы жүргізіліп жатқан экономикалық реформаларымен және инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырды, сондай-ақ канадалық инвестициялар үшін неғұрлым маңызды және тартымды салаларды таныстырды.
Жоғары оқу орындарының басшылығымен кездесу шеңберінде бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, ТМК үшін мамандарды даярлау және қайта даярлау, сондай-ақ білім беру саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары мәселелері талқыланды.
Қазақстан Елшісінің Садбериге жұмыс сапары екіжақты қатынастарды нығайту мен екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды кеңейтудегі маңызды қадам болды.