Ү.ж. 8 сәуірде Осло қаласында Қазақстан-Норвегия қатынастары тарихында алғаш рет екіжақты Іскерлік кеңестің отырысы өтті.
Іс-шарада Қазақстанның Норвегиядағы Елшісі Әділ Тұрсынов, Норвегияның Қазақстандағы (Осло қ. резиденциясымен) Елшісі Йон Микал Квистад, «Қазақ Инвест» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Султанбек, бірқатар норвег және қазақ компаниялардың басшылары, сондай-ақ Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының өкілі Дана Касымова, Норвегияның Шығыс сауда-өнеркәсіп палатасы өкілі Свайн Столпестад және Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Ринат Бараков сөз сөйледі.
Кездесу қатысушылары инвестициялар, сауда, өнеркәсіп және жаңа технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты жандандыру мүмкіндіктерін талқылады.
Әсіресе жаңартылатын энергия көздері, органикалық өнімдер мен химиялық өнімдер өндірісі, цифрландыру, акваөсіру, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы, пайдалы қазбаларды өндіру, қоршаған ортаны қорғау және білім беру салаларындағы әлеуетті жобаларға ерекше назар аударылды.
Орта дәлізді және Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту мәселелеріне бөлек сессия арналды.
Іс-шара аясында қазақ және норвег іскер топтардың өкілдері арасында «B2B» форматында кездесулер өтті.
Отырыс соңында оның қатысушылары алдағы кезеңде Қазақстан-Норвегия экономикалық ынтымақтастығын одан әрі тереңдету және кеңейту үшін Іскерлік кеңес құрудың ерекше маңыздылығын атап өтті.
Іскерлік кеңес бағдарламасы аясында «Қазақ Инвест» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Султанбек «Innovation Norway» мемлекеттік бірлестігінің және Норвегияның Шығыс сауда-өнеркәсіп палатасының басшыларымен, сондай-ақ «Таракса», «Бент Карлсен», «Скатек», «Йотун», «Нордик Майнинг», «Оптимар», «Й.Фредриксон» және басқалар сияқты бірқатар жергілікті компаниялардың басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді.
Анықтама: 2024 ж. 3 желтоқсанда Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Норвегияның Шығыс сауда-өнеркәсіп палатасы арасында Қазақстан-Норвегия Іскерлік кеңесін құру туралы келісімге қол қойылды.
Іскерлік кеңес екі елдің компанияларын біріктіру үшін платформа жасайды, кәсіпкерлерге сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жолға қоюда және дамытуда практикалық көмек көрсетеді.
Құрылымның мақсаты – екі елдің іскер топтары арасында тікелей байланыстар мен диалог орнату, экономикалық жобаларды іс жүзінде ілгерілетуге жәрдемдесу, ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары бойынша ұсынымдар мен сараптамалық бағалаулар дайындау.