Республика күні – Қазақстанда 25 қазанда атап өтілетін ұлттық мереке.
– Бұл – қазақтың мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған тарихи күн. Көк түріктер дәуірінен, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманынан келе жатқан елдігіміз тамырын тапқан күн. Бұл – Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн. Халқымызда «Егемен болмай, ел болмас» деген сөз бар. Осыдан 33 жыл бұрын тарихи әділдік орнады. Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Осы маңызды құжат жұртымыздың азаттық алуына жол ашты. Ақжолтай құжат жұртымыздың талап-тілегіне сай жазылды, отаншыл азаматтардың ақыл-парасатының арқасында қабылданды, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні қарсаңында.
Еліміздің ұлттық мерекесіне орай Қазақстанның Норвегиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Ослода салтанатты қабылдау өтті.
Қазақстанның Норвегиядағы Елшісі Әділ Тұрсынов өз сөзінде Республика күнінің мемлекетіміздің егеменді даму дәуірі үшін ерекше маңызы бар екенін атап өтті. Осы тұрғыда ол жиналғандарды Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы негізгі саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық жетістіктері туралы хабардар етті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан түбегейлі демократиялық және әлеуметтік реформалар қоғам тарапынан кеңінен қолдауға ие екеніне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ қазақстандық дипломат Астана мен Осло арасындағы көпқырлы қарым-қатынастардың жай-күйі мен келешегін егжей-тегжейлі атап өтті.
Қабылдау барысында қазақ-норвегиялық музыкант Алмас Қарақыстықтың орындауында бірқатар қазақ музыкалық туындылар орындалды.