Норвегиялық «Раушангүл сарайында» қазақ өнері таныстырылды

Норвегиялық «Раушангүл сарайында» қазақ өнері таныстырылды

Ослодағы «Раушангүл сарайы» сахнасында Қазақ мәдениеті күні өтті.

«Раушангүл сарайы» (Roseslottet) әйгілі суретші Вебёрн Санд 2020 жылы ашқан көркем және оқу кешені болып табылады. Бұл жоба Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Норвегияның жаулап алынғаны туралы есте сақтауды нығайтуға және де демократия, гуманизм мен құқықтық мемлекеттің құндылықтарын насихаттауға бағытталған.

Жоба жетекшілерінің шақыруымен Қазақстан Елшілігі Осло тұрғындары мен қонақтарына арнап мәдени қойылым ұйымдастырды. Алмагүл Қалелова бастаған норвег-қазақ мәдени орталығының мүшелері «Қосбасқан» мен «Аққуымсың» атты қазақ билерін ұсынды. Жоғары сынып оқушысы Қуаныш Төкен «Егіз-Лебіз» әнін орындады. Норвегиялық көрермендерге ән авторлары - композитор Жұмағұл Қыдырәлиев пен ақын Исраил Сапарбайдан арнайы сәлем жеткізілді. Қазақи материалдық өнердің үлгісі ретінде қонақтардың назары дипломаттардың жұбайлары тоқыған «Құрақ көрпеге» тартылды.

Осымен қатар, қонақтардың алдында Абай Құнанбайұлының Қара сөздері мен таңдамалы поэзиясының шығармалары норвег тіліндегі аудармаларының баспагері және редакторы Осхилд Күлос сөз сөйлеп, Ұлы ақынның бірқатар өлеңдерін оқып берді.

Іс-шара барысында сөз айтқан Елші Еркін Ахинжанов пандемияның тез арада аяқталуына және Қазақстанның танымалы өнер шеберлерінің Норвегияда, сондай-ақ норвегиялық орындаушылардың қойылымдарын Қазақстанда ұйымдастырылуына үміт артты.

Қазақстан Елшілігі мен «Раушангүл сарайы» соңғы жылда тығыз ынтымақтастықта болып отырды. Кешен қонақтарына Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Норвегияның солтүстігін азат етуге қазақстандық жауынгерлердің қатысқаны және лагерлерде тұтқында болғаны туралы айтылды. Взвод командирі Мұқаш Сафарғалиев, сарбаздар Ғани Қышметов, Темірбек Кеңебаев және Иманзада Қабақов туралы жеке әңгімелер қызығушылық тудырды.

«Қазақстан Елшілігін және Норвег-қазақ мәдени орталығын Раушангүл сарайында қарсы алу біз үшін үлкен қуаныш. Біздің кешенде «Советтік орыс мұнарасы» инсталляциясы бар. Бұл мүсін фашистік режим кезінде өмірін қиған және Норвегияда инфрақұрылым салған Кеңес Одағының барлық тұтқындарына арналған ескерткіш. Олар авто-, теміржол және басқа да құрылыс нысандарында ауыр жұмыс істеді. Көптеген адамдар сол соғыс жылдары қаза тапты. Араларында қазақтар болған. Тірі қалғандар да болды, тіпті кейбіреуі Норвегияда қалып, отбасын құрды... Бүгін біз Қазақстанның бірегей мәдениетін ашып көрсетуге, оны насихаттауға мүмкіндік алғанымызға өте қуаныштымыз. Раушангүл сарайына қош келдіңіздер!», - деді әйгілі дирижер және кешеннің музыкалық жетекші Мартин Ромберг.