
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, күндізгі оқу нысанында білім алатын студенттер үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жарналарын мемлекет төлейді.
Не істеу қажет?
Шетелдік білім беру ұйымдарында білім алып жатқан Қазақстан азаматтарына шетелдік білім беру ұйымында білім алушы ретінде уақтылы тіркелу маңызды.
Тіркелу шетелдік білім беру ұйымына қабылданғаннан кейін eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы, тиісті білім беру ұйымының оқу туралы анықтамасын қоса тіркеу арқылы жүзеге асырылады.
Аталған мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі 10 жұмыс күніне дейін созылуы мүмкін. Сондықтан студент мәртебесі туралы мәліметтерді алдын ала өзектендіру ұсынылады.
Уақтылы тіркелу қандай мүмкіндік береді?
Уақтылы тіркелу студенттердің МӘМС жүйесіндегі тиісті жеңілдікті санатқа енгізілуіне мүмкіндік береді. Бұл МӘМС жарналарының мемлекет есебінен төленуін және Қазақстан Республикасында болған кезде МӘМС жүйесі шеңберінде медициналық қызметтерді пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Студенттерге eGov.kz порталындағы өз мәртебесі туралы мәліметтердің өзектілігін тексеріп, қажет болған жағдайда тиісті тіркеуден уақтылы өтуді ұсынамыз.