Норвегияда Қазақстанның экономикалық мүмкіндіктері таныстырылды

Норвегияда Қазақстанның экономикалық мүмкіндіктері таныстырылды

Осло қаласында «Doing business in Kazakhstan» атты бизнес-семинар өтті. Іс-шара Қазақстанның Норвегиядағы Елшілігі тарапынан Норвегияның Шығыс сауда-өнеркәсіп палатасы (EAST Chamber of Commerce and Industry of Norway) мен Норвегия кәсіпорындары конфедерациясының (Confederation of Norwegian Enterprise – Næringslivets Hovedorganisasjon, NHO) қолдауымен ұйымдастырылды.

Анықтама: (1) Норвегияның Шығыс сауда-өнеркәсіп палатасы (EAST Chamber of Commerce and Industry of Norway «Østhandelskammeret») – Норвегия мен Қара теңіз және Каспий өңірі елдері арасындағы халықаралық іскерлік ынтымақтастықты дамытуға бағытталған коммерциялық емес ұйым.

(2) Норвегия кәсіпорындары конфедерациясы (Confederation of Norwegian Enterprise – Næringslivets Hovedorganisasjon, NHO) – Норвегиядағы жұмыс берушілер мен бизнес өкілдерінің ең ірі ұйымы.

Іс-шарада қазақ тарапынан Қазақстанның Норвегиядағы Елшісі Әділ Тұрсынов және Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов, ал норвег тарапынан  Норвегияның Қазақстандағы (Осло қ. резиденциясымен) Елшісі  Хелен Санд Андресен, «EAST CCI of Norway» директорлар кеңесінің төрағасы Ронни Солберг және Норвегия кәсіпорындары конфедерациясының халықаралық департаментінің аға кеңесшісі Катарина Сетерсдаль сөз сөйледі.

Онлайн форматта ҚР Ұлттық экономика министрлігі Халықаралық экономикалық ынтымақтастық департаментінің директоры Ержан Несібқұлов, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Сервистік қолдау департаментінің директор Алида Туебекова, «Астана» халықаралық қаржы орталығының іскерлік байланыстар жөніндегі менеджері Темір Сембинов, «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Сәкен Олжабаев және «Тау-Кен Самұрық» Ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ Инвестиция және маркетинг департаментінің директоры Әсел Қыдырбекова өз презентацияларын ұсынды.

Семинарға Норвегия Сыртқы істер министрлігінің, Норвегия кәсіпорындары конфедерациясының, Норвегияның Шығыс сауда-өнеркәсіп палатасының, Норвегияның экспорттық қаржыландыру агенттігінің (EKSFIN), түрлі саладағы норвегиялық компаниялардың, сондай-ақ Норвегияда аккредиттелген шет мемлекеттердің Елшіліктерінің өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында конференцияға қатысушылар соңғы екі жылда Қазақстан мен Норвегия арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жандануын оң бағалады.

Анықтама: (1) 2024 ж. желтоқсанда Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Норвегияның Шығыс сауда-өнеркәсіп палатасы («EAST CCI of Norway») арасында Іскерлік кеңес құру туралы келісімге қол қойылды.

(2) 2025 ж. сәуірде Осло қаласында Қазақстан-Норвегия қатынастары тарихында алғаш рет екіжақты Іскерлік кеңестің отырысы өтті.

(3) 2025 ж. мамырда соңғы жылдарда алғаш рет құрамында 11 адамнан тұратын норвегиялық ірі делегация Қазақстанға сапармен барды, сондай-ақ «Astana International Forum 2025» форумына қатысты.

(4) Қазақстан мен Норвегия арасындағы тауар айналымы 2025 ж. қаңтар-қарашада 156,7 млн. долл. құрды (экспорт 7,1 млн. долл., импорт 149,6 млн. долл.), бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32%-ға жоғары (118,5 млн. долл.).

(5) 2025 ж. желтоқсанда норвегиялық «Optimar» компаниясы аквамәдениет саласында ірі келісімшартқа қол қойып, Қазақстандағы жаңа балық өсіру жобасына арналған жабдықтарды жеткізді (https://optimarglobal.com/en/updates/news/optimar-with-major-aquaculture-contract-in-new-market).

Норвегиялық семинар қатысушылары Қазақстанның сауда-экономикалық және инвестициялық әлеуетінің таныстырылымын жоғары бағалады және «нетворкинг» аясында бірқатар бірлескен әлеуетті жобаларды іске асыруға бастама көтерді.

Іс-шара қорытындысы бойынша екіжақты экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі келесі қадамдар туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді, оның ішінде 2026 ж. мамыр айында Астана қаласында Іскерлік кеңесінің II отырысын өткізу көзделіп отыр.