Қазақстандағы саяси және экономикалық реформалар Норвегияда таныстырылды

Қазақстандағы саяси және экономикалық реформалар Норвегияда таныстырылды

Осло, 2025 жылғы 21 қазан – Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Норвегия Корольдігіндегі Елшілігі еліміздің қазіргі даму үрдістері мен қазақстан-норвегиялық қатынастардың жай-күйіне арналған дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Іс-шараға Норвегия Сыртқы істер министрлігінің, сараптамалық қауымдастықтың, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес құрылымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Елші Әділ Тұрсынов өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында жария етілген саяси және экономикалық реформалар бағдарламасын егжей-тегжейлі таныстырды.

Норвегиялық тарапқа Қазақстан Президенті бастамашылық еткен саяси жаңғыртулардың негізгі бағыттары, соның ішінде бір палаталы Парламент құру жөніндегі ұсыныс жеткізілді.

Сонымен қатар қатысушылар еліміздің инвестиция тарту мен орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған стратегиясын ілгерілететін «Born Bold» халықаралық ақпараттық кампаниясының жүзеге асырылу барысымен таныстырылды.

Іс-шара аясында Осло қаласындағы «Қазақ-норвег мәдени орталығының» негізін қалаушы Алмагүл Калелова қонақтарға қазақ мәдениеті мен Норвегияда тұратын қазақ диаспорасы туралы мазмұнды әрі танымдық баяндама жасады.

Кездесу соңында қатысушылар Астана мен Осло арасындағы екіжақты қарым-қатынастарының соңғы жылдары айтарлықтай жанданып, өзара ынтымақтастықтың жаңа перспективалары бар екенін атап өтті.