
2026 жылы 8 қыркүйекте жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Омбы қаласындағы Бас консулы Керім Қуандықұлы Қожамбердиев Хакасия Республикасының Басшысы Валентин Олегович Коноваловпен кездесті.
Іс-шараға Хакасия Республикасы Үкіметінің мүшелері, сондай-ақ Хакасия Республикасы Сауда-өнеркәсіп палатасының Президенті Владимир Александрович Сорокин қатысты.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Хакасия Республикасы арасындағы өңіраралық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту, өзара тауар айналымын ұлғайту, іскерлік орта өкілдері арасында тікелей байланыстар орнату және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Бас консул ресейлік тарапты Қазақстанның инвестициялық әлеуетімен, қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларымен, сондай-ақ бизнес жүргізу және инвестициялық жобаларды іске асыру үшін елімізде жасалған қолайлы жағдайлармен таныстырды. Екі ел кәсіпкерлері арасындағы тікелей өзара іс-қимылды кеңейтуге және хакас компанияларын Қазақстандағы жобаларды іске асыруға тартуға мүдделілік білдірілді.
Сауда-экономикалық ынтымақтастық саласында Хакасия Республикасы өкілдері өздерінің ет өнімдерін, оның ішінде жылқы және қой етін Қазақстан нарығына жеткізуді ұлғайтуға қызығушылық білдірді.
Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының бірі ретінде «Ангаро-Енисейская долина» қоры аясындағы өзара іс-қимыл атап өтілді. Хакасия тарапы мүдделі қазақстандық компаниялармен өзара іс-қимыл жасауға және олардың Қор аясында іске асырылатын перспективалы жобаларға қатысу мүмкіндіктерін қарастыруға дайын екенін білдірді.
Кездесу барысында цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықтың перспективалары да талқыланды. Хакасия Республикасы Сауда-өнеркәсіп палатасының басшылығы Қазақстанның «Деректерді өңдеу орталықтары (ДӨО) алқабын» құру тәжірибесін зерделеуге қызығушылық білдірді. Тараптар тәжірибе алмасуға және бейінді ұйымдар арасында байланыс орнатуға жәрдемдесуге дайын екендерін білдірді.
Туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытуға да ерекше назар аударылды. Қазақстан мен Хакасия өңірлерінің туристік әлеуетін таныстыру бойынша презентациялар ұйымдастыру, сондай-ақ туристік операторлар мен бейінді ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды жолға қою перспективалары атап өтілді.
Гуманитарлық және мәдени өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Хакасия Республикасының Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясымен (Алматы қ.) жемісті ынтымақтастығы атап өтілді. Кәсіби және шығармашылық байланыстарды одан әрі дамытуға, бірлескен мәдени іс-шаралар өткізуге және ұлттық музыкалық мәдениетті сақтау саласында тәжірибе алмасуға қызығушылық білдірілді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Хакасия Республикасы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және сауда-экономикалық, инвестициялық, өнеркәсіптік, цифрлық, туристік және мәдени-гуманитарлық салалардағы нақты бірлескен бастамаларды іске асыруға өзара мүдделіліктерін растады.