
18 маусым күні «Россия – менің тарихым» мультимедиялық паркінде көрнекті суретші Амангелді Абдрахманұлы Шакеновтың (20.07.1943 – 01.05.2018) шығармашылығына арналған «Екі көкжиек» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті.
Амангелді Шакенов — Ресей Суретшілер одағының мүшесі, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасы Көркемсурет академиясының толық академигі. Оның шығармашылығы Сібір мен Қазақстанның көркемдік кеңістігінде ерекше орын алып, екі мәдениетті тоғыстырған өзіндік авторлық стильді қалыптастырды.
Экспозицияға 1980-жылдардан 2018 жылға дейін салынған және суретшінің отбасы қорында сақталған шамамен 50 кескіндеме жұмысы енгізілді. Көптеген туындылар алғаш рет көпшілік назарына ұсынылып отыр. Көрмеде портрет, пейзаж және натюрморт жанрлары арқылы автордың көркемдік тілі мен бейнелеу мәнерінің эволюциясы айқын көрініс табады.
Амангелді Шакеновтың шығармашылық мұрасы Ресей мен Қазақстан мәдениеттерінің тоғысқан тұсында қалыптасты. Омбы мемлекеттік педагогикалық институтының А.М. Горький атындағы көркем-графикалық факультетінде алған академиялық білімі мен шығыстық дүниетанымының үйлесімі суретшінің бірегей көркем тілін қалыптастырды. Оның еңбектерінде Сібір табиғатының сабырлы лирикасы, қазақ даласының кеңдігі мен таулы өлкенің айбынды көріністері үйлесім тапқан.
Суретшінің педагогикалық қызметі де ерекше маңызға ие. 2024 жылы Ш. Уәлиханов атындағы орыс-қазақ достығы орталығының бастамасымен А. Шакинов атындағы стипендия көркемөнер факультетінің студенттері үшін тағайындалды. Бұл оның мұрасын сақтауға және жас суретшілерді қолдауға бағытталған маңызды қадам болды.
Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Омбы қаласындағы Бас консулы Кожамбердиев К.К. құттықтау сөз сөйлеп, Амангелді Шакенов шығармашылығы Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени диалогтың жарқын үлгісі екенін атап өтті. Сондай-ақ мұндай жобалар екі ел арасындағы гуманитарлық байланысты нығайтып, алдағы Қазақстан – Ресей өңіраралық ынтымақтастықтың XXII форумына дайындық аясында ерекше маңызға ие екені айтылды. Бұл форум мәдениет, білім және өңіраралық әріптестікті дамытудағы маңызды алаң болмақ.
Іс-шара барысында Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігінің Омбы қаласындағы өкілі Генова Е.В. және Омбы облысы мәдениет министрінің орынбасары Бакулина С.Д. сөз сөйлеп, жобаның мәдени ынтымақтастықты нығайту, ортақ тарихи-көркем мұраны сақтау және гуманитарлық байланыстарды дамытудағы маңызын атап өтті.
Көрмеге Омбы облысы Үкіметінің өкілдері, қазақ қоғамдық ұйымдарының жетекшілері және Қазақстан Республикасынан келген қонақтар қатысты. Экспозицияға деген жоғары қызығушылық жобаның аймақтың мәдени өміріндегі маңызды орнын айқындады.