
31 мамыр күні Омбы облысы Марьянов ауданының Конезаводский кентінде мұсылман қауымының маңызды ұлық мерекелерінің бірі – Құрбан айтқа арналған салтанатты іс-шара өтті. Іс-шара Омбы қаласы мен Омбы облысы Мұсылмандары діни басқармасы Омбы облысы Үкіметінің қолдауымен ұйымдастырды.
Мерекелік шараға мемлекеттік билік органдарының өкілдері, дін қайраткерлері, ұлттық-мәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың мүшелері, Омбы облысының тұрғындары және өңір қонақтары қатысты.
Мереке қатысушылары мен қонақтарына Қазақстан Республикасының Омбы қаласындағы Бас консулы К.Қ. Қожамбердиев құттықтау сөз арнады. Өз сөзінде ол жиналған қауымды Құрбан айт мерекесімен құттықтап, бұл мейрамның қайырымдылық, тату көршілік, өзара құрмет пен рухани бірліктің символы ретіндегі маңызын атап өтті.
Қонақтар үшін мазмұнды мәдени-спорттық бағдарлама ұйымдастырылды. Бағдарлама аясында қазақ күресінен жарыстар, ат бәйгелері, балаларға арналған ойындар мен түрлі сайыстар өткізілді. Мерекелік көңіл күйді шығармашылық ұжымдар мен өнерпаздардың концерттік қойылымдары толықтырды.
Көрермендердің ерекше қызығушылығын дәстүрлі спорттық жарыстар мен ат спорты сайыстары тудырды. Жеңімпаздар лайықты марапаттарға ие болды. Сонымен қатар барлық қатысушылар мен қонақтарға ұлттық тағамдар мен дәстүрлі дәм ұсынылды.
Құрбан айт мерекесі өңірдің қоғамдық және мәдени өміріндегі жарқын оқиғаға айналып, Омбы облысында тұратын халықтардың рухани құндылықтары мен дәстүрлерін сақтауға, сондай-ақ ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға өз үлесін қосты.